Accessibility links

Шерзаттың отбасы: Нұрғанаттың өлемін деген ниеті болмаған


Шерзат Полаттың бейіті жанынан тағы бір қабір қазылып жатыр. Алматы облысы Талғар ауданы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.
Шерзат Полаттың бейіті жанынан тағы бір қабір қазылып жатыр. Алматы облысы Талғар ауданы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.

9 желтоқсан таңертең Алматы облысының полициясы Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды, марқұм биыл 4 қазанда қаза болған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды деп хабарлады.

Марқұм Шерзат Полаттың отбасы Талғар маңынан өлі табылған туысы Нұрғанат Ғайыпбаевтың "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді. Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов Азаттық тілшісіне інісін қалай тапқанын айтып берді.

Дүйсенбі күні таңертең Алматы облысы полициясы Ғайыпбаев өлерінің алдында туысына өзіне қол жұмсайтыны туралы хат жібергені анықталды деп хабарлады. Мессенджермен жіберілген хатты марқұмның ағасы Қаржаубай Нұрымов алған. Ғайыпбаевтың аккаунтынан келген хатта жақындарымен қоштасып, "інімнің жанына жерлеңдер" деген аманат жазылған.

Қаржаубай Нұрымовтың айтуынша, осыдан кейін олар бес адам болып туысын іздеуге шыққан. Алдымен Талғардағы зират аумағы алдынан Нұрғанат мініп кеткен автокөлікті тапқан. "Есігі ашық болды, ішінде ұялы телефоны жатты" деді Қаржаубай Нұрымов. Оның сөзіне қарағанда, зират алдында жар бар, інісі сол жерден төмен түскенін қар үстіне түскен ізден анықтаған.

Қаржаубай Нұрымов інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты қай жақтан тапқанын көрсетіп тұр. Алматы облысы Талғар ауданы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.
Қаржаубай Нұрымов інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты қай жақтан тапқанын көрсетіп тұр. Алматы облысы Талғар ауданы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.

– Біз түнде келгенде қар жауып тұрған, жардан түсіп, 500-700 метр жерде жол бойындағы қуысқа барып, талдың жиегіне отырып, өліп қалған. Мойнында сым тұрған. Құзырлы органдарға кеше бәрін түсіндірдім. Екі сағаттан артық жан-жақты іздедік. Мына жардың биіктігі – 7-8 метр, осыдан сырғып түскен. Бауырымның өлемін деген ниеті болған емес. Қандай шындықты айтып жатсақ да, бізді қаралап жатқан адамдар бар. Сол үшін артық ештеңе айтқым келмейді, – деді Қаржаубай Нұрымов.

Биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болған еді. Арада бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен. Қаржаубай Нұрымов "әділ сот болады деп күтіп жүрдік" деді.

Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған ол Нұрғанаттың қазасының шындығына көз жеткізгісі келетінін айтты.

– Сараптама "өзіне қол жұмсады" дейді. Оны қосымша талдауға зерттеуге жіберемін. Қандай жағдай болса да біз ешкімді өлтірген жоқпыз, – деді Қаржаубай Нұрымов.

Талғардағы зиратқа осыдан екі ай бұрын жерленген Шерзат Полаттың бейітінің қасынан тағы бір жас қабір пайда болды.

Шерзат Полаттың зираты. Алматы облысы Талғар ауданы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.
Шерзат Полаттың зираты. Алматы облысы Талғар ауданы. 9 желтоқсан, 2024 жыл.

СУЫТ ХАБАР

9 желтоқсан таңертең Алматы облысының полициясы Талғар қаласы маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылды, марқұм биыл 4 қазанда қаза болған Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды деп хабарлады.

"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өзіне қол жұмсаған", – деді полиция.

Осы жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу жүріп жатыр. Бұған дейін айтылған ресми ақпаратқа сәйкес, қандай да бір қылмыстық сипаттағы белгі анықталмаған.

"Марқұм Шерзат Полаттың отбасын полицейлер күзетіп жүрді. Марқұмның отбасына қандай да бір қауіп тіркелген жоқ. Күзеттегі қызметкерлердің айтуынша, ер адам күзеттегі нысаннан сағат 23.30-да шығып, жеке көлікпен кеткен. Тергеу мүддесіне сай, өзге ақпарат жария етуге жатпайды", – деп хабарлады полиция.

Тергеу орындары "жария етуге жатпайды" дегенімен, Алматы облыстық полициясы Instagram-парағында қаза болған адам туралы таратқан видеода "марқұмның туыстарына соңғы жазғаны" деп, мессенджерден жолданған хаттың скринін қоса жариялады.

Құқық қорғаушы Саида Таукелеваның айтуынша, Шерзаттың қазасы бойынша тергеу аяғына жеткен, Нұрғанат Ғайыпбаев бұл істе жәбірленушілердің бірі болған. "Ол сотқа дайындалып жүрген еді", – деді Таукелева. Оның сөзінше, Ғайыпбаевтың қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" (105-бап) бабы бойынша іс қозғалған.

Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Болаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылған.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полат ісі "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысты" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG