Accessibility links

Талғарда полиция Шерзат Полаттың әкесін ұстады


Қаржаубай Нұрымов Азаттыққа сұхбат беріп тұр. Алматы облысы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.
Қаржаубай Нұрымов Азаттыққа сұхбат беріп тұр. Алматы облысы, 9 желтоқсан, 2024 жыл.

Талғарда жанжал кезінде пышаққа түсіп мерт болған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты полиция ұстады. 10 желтоқсанда Алматы облысы Азат ауылында Нұрымовтар отбасы туысы Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салды. Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған Қаржаубай Нұрымов көпшілік алдында журналистермен кездесуді талап еткен.

Шерзаттың әкесі және полиция, адам құқығы күні – AzatNEWS | 10.12.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:21:27 0:00

"ӘДІЛ ТЕРГЕУДІ ТАЛАП ЕТТІ"

10 желтоқсанда Алматы облысының полициясы "Азат ауылында жерлеу рәсімін өткізу кезінде қоғамдық тәртіп пен айналадағы адамдарға, оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қауіп төндірген оқиға болды" деп хабарлады.

"Н. есімді азамат прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өзін агрессивті ұстады, айналасындағы адамдарға қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты. Полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасындағы жандарға да қауіп төндірді. Оның жағдайына алаңдаған туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша полиция Н. есімді азаматты ұстады", – деді полиция.

Желіге Қаржаубай Нұрымовтың әділ тергеу жүргізуді талап етіп тұрған видеосы тарады. Тағы бір видеода Нұрымовты "ағам" деп атаған әйел оның "өзіне өзі қол салмақшы" болғанын айтады.

Ресми ақпаратта Қаржаубай Нұрымов полиция бөліміне жеткізіліп, онымен психологтар жұмыс істеп жатқаны айтылған. Бұдан екі ай бұрын Нұрымовтың жасөспірім ұлы кісі қолынан мерт болған, ал кеше ол інісінен айырылды.

9 желтоқсан таңертең Алматы облысының полициясы Талғар қаласы маңынан өлі табылған 30 жастағы ер адам – биыл күзде Талғардағы жанжал кезінде қаза тапқан Шерзат Полаттың ағасы екені анықталды деп хабарлады.

"Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ол асылып, өзіне қол жұмсаған" деді полиция. Марқұм Шерзаттың отбасы Нұрғанат Ғайыпбаевтың "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді.

ЖАСӨСПІРІМНІҢ ӨМІРІН ҚИҒАН ҚЫЛМЫС

Биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болған еді. Жанжал оның отбасы жалға алып отырған Талғардағы "Қамажай" дүкенінің алдында болған.

Осы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен.

Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Кейінірек полиция басшылығы баспасөз мәслихатын өткізіп, "ішкі істер органдарында ондай ұйымдасқан қылмыстық топ тіркелмеген" деп мәлімдеді.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысты" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.

Бұлардың арасында бұрын сотты болған, сонымен бірге бұзақылық және басқа да түрлі құқық бұзу оқиғалары бойынша жауапқа тартылғандар бар делінеді.

Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Болаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.

Сонымен бірге бірқатар жергілікті шенеунік қызметтен кетті. Атап айтқанда, Алматы облысы прокурорының орынбасары Саян Бәкіров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов "қадағалау жұмысында елеулі кемішіліктер жібергені" үшін орнынан алынды. Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков пен оның орынбасары Сағындық Матан "қызмет міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін" лауазымынан босатылды. Талғар ауданы әкімінің аппарат жетекшісі Аслан Қасымбаев та қызметтен кетті. Ол – Шерзат Полат қазасынан кейін әлеуметтік желіде "Талғардағы "Хутор" бандасының басшысы-мыс" деп аталған Хасан Қасымбаевтың бауыры.

Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған.

Биыл қарашада Хасан Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.

Талғарды күзету, «Хуторға» араша сұрау, Қаңтарды еске алу – AzatNEWS | 14.10.2024
please wait

No media source currently available

0:00 0:34:29 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG