Құрама қоржынына алғашқы алтын жүлдені 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Виктория Графеева салды. Ол финалда Қытай спортшысы Ли Ксиангты жеңді.
63 килограмға дейінгі салмақта Аида Әбікеева финалда вьетнамдық Лин Хадан басым шықты. 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Наталья Богданова тай боксшысын жеңіп кетті.
Сол сияқты, 81 килограмға дейінгі салмақ дәрежесінде Гүлсая Ержан украиналық Карина Айрапетянды, ал 81 келіден жоғары салмақта рингке шыққан Елдана Тәліпова өзбекстандық Олтино Сотимбаеваны жеңіп, Азия чемпионы атанды.
Таиландағы Азия чемпионатында бокстан Қазақстанның әйелдер құрамасы бес алтын, төрт қола медальмен жалпы есепте бірінші орын алды.
Бокс Қазақстанда жақсы дамыған спорт түрлерінің біріне жатады. Қазақстандық боксшылар әлемдік жарыстардан жиі жүлде алып оралатын, әсіресе Олимпиада ойындары кезінде қазақстандық жанкүйерлер боксшыларға зор үміт артатын. Бірақ Қазақстан құрамасы кейінгі екі Олимпиада ойындарында алтын медальға қол жеткізе алмады.
Биыл қазақстандық боксшылар Париж Олимпиадасынан бір күміс (ерлер арасында Нұрбек Оралбай) және бір қола (әйелдер арасында Назым Қызайбай) жүлдені місе тұтып қайтқаннан кейін көп сын айтылған еді.
ПІКІРЛЕР