Құқық қорғаушылар Қазақстандағы отбасында болатын зорлық-зомбылықты қатігез, қайталанып тұратын және барлығы бірдей тіркеле бермейтін деп сипаттайды. Ер адамдар мұндайға құқылымыз деп санайды.
Ескерту: мақалада зорлық оқиғасын суреттеу кездеседі
Астана тұрғыны әйелін ұрып, одан кейін өзі оныншы қабаттан секіріп мерт болды. Шымкенттік ер адам әйелі мен үш айлық қызын аяусыз соққыға жығып, нәресте жан сақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Таразда отбасындағы ұрыс-керістен кейін күйеуі үйге өрт қойып, ерлі-зайыптының екеуі де мерт болды. Петропавлдық зейнеткер әйелін ұрып, үйін жарып жіберді. Түркістан облысының тұрғыны жетінші балаға аяғы ауыр әйелін соққыға жықты.
Бұл жағдайдың бәрі үйдегі зорлық-зомбылыққа қатысты заң талабы күшейген 2024 жылдың көктемінен кейін болды. Ол уақытта бүкіл Орталық Азия аймағы экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сот процесін қадағалап отырды. Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы қатігездікпен өлтіргені үшін 24 жылға сотталды. Ол әйелін есінен танғанға дейін бірнеше сағат бойы ұрып-соққан.
Бұл Қазақстан тарихындағы онлайн трансляциясы көрсетілген бірінші сот болды. Сот жүріп жатқан уақытта 150 мыңнан астам адам үйдегі зорлыққа жауапкершілікті күшейтуге шақыратын петицияға қол қойды. Қоғамда қызу резонанс тууына орай, Парламент сенаты тұрмыстағы зорлықты қылмыстық жазаға алмастыратын түзетуді қабылдады. Соған қарамастан, бұл мәселе түйіні шешілмеген күйінде қалып отыр.
ҚАТЫГЕЗДІК ЖӘНЕ ТҰРАҚТЫЛЫҚ
Кейінгі кезде болған жағдайлардың бәріне ортақ бір сипат — зорлықтың қатігездікпен жасалуы. Отбасы-тұрмыс саласындағы жыл сайынғы істердің жартысынан астамы ауыр және аса ауыр істер (бұл мейлінше зиян келтіретін ең ауыр қылмыстар; мысалы, аяусыз ұру, өлтіру, зорлау). Жағдай әлі де өзгеріссіз қалып отыр. Мұндай деректерді адам құқығы жөніндегі уәкіл 2024 жылғы «Отбасы мен тұрмыстағы зорлыққа қарсы қимыл туралы» арнайы баяндамасында келтіреді.
Бүкіл әлем елдеріндегі сияқты, Қазақстанда да үйдегі зорлықтан көбінесе әйелдер зардап шегеді. Тек ресми деректің өзі 18 жастан 49 жасқа дейінгі әрбір алтыншы қазақстандық қыз-келіншектің өмірінде кемінде бір рет жыныстық зорлық көретінін немесе таяқ жейтінін көрсетіп отыр.
Қазақстандық әйелдер көп жағдайда өзінің серіктесінен озбырлық көреді, тек 12%-ы ғана басқа адамдардың зорлығына ұшырайды. Қарағанды медицина университетінің профессорлары зерттеу жүргізіп, осындай қорытынды жасап отыр.
Зерттеуге қатысқан қыз-келіншектердің көпшілігі ұрып-соғу қайталанатынын айтқан. Олардың жартысынан көбі соңғы бір жылда екі реттен сегіз ретке дейін соққыға жығылғанын жеткізген. Барлық жағдайда дерлік дененің әр бөлігіне зақым келіп, көгерген және жарақат қалған. Бұған қоса, ғалымдар 2019 жылдан 2022 жылға дейін үйдегі зорлық салдарынан ауыр зақым келу саны артып отырғанын хабарлайды.
Зерттеу серігінен зорлық көрген әйелдердің жартысына жуығының сол сәтте аяғы ауыр болғанын немесе кішкентай баласы болғанын көрсетіп отыр.
«Мен [Қазақстанда] асқан қатігездік, жәбірлеу [әйелдерге қатысты] деректері тым көбейіп кеткенін айта аламын. Мәселен, асқан қатігездікпен өлтіру, бұрын-соңды естімеген, адамның миына сыймайтын зорлық түрлері кездеседі, — дейді «Настоящее время» сайтына сұхбат берген «НеМолчиKZ» қорының негізін қалаушы, құқық қорғаушы Дина Смайылова. — Есінен адасу деңгейі өсті ме деп қаламын. Өз әйелін зорлайтын адамды есалаң демей, кім дейміз? Жыныстық қатынасқа тек күш қолдану арқылы қол жеткізетін адамның психикасы дұрыс емес».
Құқық қорғаушының бағалауы бойынша, бетімен кеткен озбырлық бұрынғыдан әлдеқайда көбейген, бұл алдағы уақытта тіптен көбейе түсетінін білдіреді. «Әйел бір жыл, екі немесе үш жыл көніп жүре берсе, он шақты жылда күйеуі оны өлтіріп тынады, өйткені ол зорлық-зомбылықтың бүкіл түрін көріп болды, тек өлтіру ғана қалды», — дейді Смайылова.
СТАТИСТИКА МЕН ШЫНДЫҚТЫҢ АРАСЫ
Ресми дерек бойынша, 2023 жылы Қазақстандағы әрбір төртінші өлім отбасы-тұрмыс саласына тиесілі болған. Басқа салаларда өлім жылдан-жылға азайып келе жатса, отбасында болатын өлім сол деңгейде қалып отыр.
«Осының өзі отбасы-тұрмыс саласында [өлімнің] алдын алу жұмысы жеткілікті деңгейде жүрмей отырғанын көрсетеді», — дейді Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкіл арнайы баяндамасында.
19 миллион халқы бар Қазақстан үшін жүзден сәл астам адамның өлімі аса үлкен болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ бұл апта сайын елде екі адам үйдегі зорлық салдарынан қаза болатынын көрсетеді.
2015 жылдан 2017 жылға дейін үйдегі зорлыққа қылмыстық жаза болған уақытта Қазақстанда отбасындағы өлім аз тіркелетін.
Сол үшін де елдегі құқық қорғаушылар қылмыстық жазаға тарту туралы жаңа заңды «көптен күткен өзгеріс» деп атады, әйтсе де, оның өзі әлі біраз жетілдіруді қажет етеді. Әзірге заңнан экономикалық және психологиялық зорлық мәселесі тыс қалып отыр.
Дина Смайылова заң шығару кезінде биліктегілер ғылыми көзқараспен қарамайтынын және олардың жеке зерттеуі жоқ екенін айтады.
«Заңдар үнемі қысыммен қабылданатын болса, статистика да қысыммен беріле бастайды, — дейді ол. — Барлық қылмысты ұрып-соғу немесе денсаулыққа зиян келтіру деп бағалау мүмкін емес. Біз қосымша нормалардың қабылдануына қол жеткіземіз. Бұған қоса, қорғау нұсқамасы бойынша әлі де жеткілікті деңгейде қатаң шара жоқ. Ол бұрынғы күйінше қалып отыр. Демек, заңның әлі де жетілдіретін тұсы көп».
Қазақстандық құқық қорғаушылар қолда бар деректерге сүйеніп үйдегі зорлықтың толық көрінісін көре алмайтынымызға назар аудартады, себебі көп жағдайда жәбірленушілер арыз бере алмайды немесе қорқады.
Мысалы, ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, кейінгі жылдары елде үйдегі зорлық жағдайы азайып келе жатыр. 2017 жылдан 2022 жылға дейін олардың саны екі есеге дейін қысқарған. Бұл уақытта Қазақстанда үйдегі зорлыққа қылмыстық жаза алынып тасталған болатын. Соған орай ұрып-соғу мен денсаулыққа жеңіл зиян келтіруге айыппұл салатын болды, ал бірінші рет болса, жай ғана ескертумен құтылып кететін.
«Статистика бізді адастырып отыр, ол дұрыс емес, — дейді Смайылова. — Себебі жылдан-жылға ақпарат құралдарында жарық көріп жатқан атышулы істер көбейіп келеді, әйелдер тек шу көтеріп қана жәбір көрсетушіні жазалауға, жауапкершілікке тартуға қол жеткізіп жатқанын айтады. Соған сәйкес, белгілі себеппен ертерек шағымдана алмаған әйелдер жасырын қылмыстарды көтеріп, арыз-шағым көбеюі керек. Қазір бәрі керісінше болып отыр. Әйелдер [қылмыс туралы] айтқанымен, статистика төмендеп жатыр, бұл түбірімен дұрыс емес».
Жасырын қылмыс деп арыз-шағым түспеген немесе оны құқық қорғау органдары тіркемеген қылмыстарды айтамыз.
Смайылованың айтуынша, статистикадағы ресми көрсеткіш, керісінше, өсуі керек. Құқық қорғаушы «НеМолчиKZ» қорының жедел желісіне күн сайын орта есеппен 50 адам зорлық көргенін хабарлайтынын айтады.
Құқық қорғаушы Халида Әжіғұлованың пікірі де осындай. Ол статистика учаскелік полиция мен полицияның жедел желісіне шағымданушыларды қамтымайтындықтан, Қазақстандағы «тұрмыстағы зорлықтың кең тарағанын шынайы көрсете алмайды» деп түсіндіреді.
«Үйдегі зорлық көп жағдайда жасырын жүреді, әсіресе бәрі бір-бірін танитын ауылдық жерде қиын. «Арызданба», «дымыңды шығармай шыда», «жақсы әйел бол», жалпы «күйеуің мен отбасыңа кір келтірме» дегендей толып жатқан қысым бар», — дейді Әжіғұлова.
ШЕКТЕУ ШАРАСЫНАН КӨМЕК ЖОҚ
Үйде зорлық көрген әйелдер полициядан қорғау нұсқамасын ала алады. Агрессор қол қоятын бұл құжат бойынша, ол жәбірленуші тараппен ешқандай байланыс жасамауы керек. Егер нұсқаманы бұзса, 10 тәулікке қамауға алынады. Кейде сот агрессорға ерекше талап қойып, айына бір реттен төрт ретке дейін полицияға есеп беріп отыруға міндеттеуі мүмкін. Құжат жәбірленушімен кез келген жолмен байланыс орнатуға тыйым салады.
Ресми тіркелген жағдайлар туралы мәлімет азайып жатса, жазбаша шектеу, керісінше, өсіп келеді. 10 жыл ішінде агрессорларға берілген қорғау нұсқамасы үштен бірге дейін, ал айрықша талаптар үш есеге дейін артқан.
Әйтсе де, мұндай шаралар да отбасындағы озбырларға тоқтау сала алмайды. «Настоящее времяның» есептеуі бойынша, орта есеппен әр оныншы шектеу бұзылады.
Мысалы, 2024 жылдың мамыр айында қазақстандық Арайлым Әлібаева 13 жыл бойы күйеуінің физикалық, экономикалық және психологиялық қысым жасап келе жатқанын айтты. Айтуына қарағанда, 2024 жылдың ақпан айында күйеуінен қашып шығып, 4 наурызда қорғау нұсқамасын алған. Алайда, күйеуі оны ұдайы бұзумен болған.
«9 наурыз күні Ақтау әуежайынан қалаға барар жолда күйеуім ізіме түсіп, апаттық жағдай тудыруына байланысты көлікті тоқтатуға мәжбүр болдым. Ол көлікке келіп, қорқытып, боқтай жүріп, есікті ашуды талап етті. Есікті құлыптап алдым. Ол ойланып жатпастан бір ұрып жүргізуші жақтағы терезені сындырды», — деді ол бірнеше ақпарат құралына.
Келіншек күйеуі «Маңғыстау облысының құқық қорғау органдарында істейтін таныстарына шығып, мұндай байланысын ашықтан-ашық пайдалануы мүмкін» екенін айтады. Полиция қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін алдымен әкімшілік іс қозғап, артынша оны бірден тоқтатқан.
"ЗОРЛЫҚ КӨРСЕТУГЕ ҚҰҚЫЛЫ"
2023 жылы Қазақстанда жүргізілген БҰҰ ДБ сауалнамасына сәйкес, сұрауға қатысқан ерлер мен әйелдердің көп бөлігі ұрып-соғу және әйелін немесе серігін жынысқа қатынасқа түсуге мәжбүрлеу дұрыс емес екенін айтқан.
Алайда әр алтыншы респондент мұндайға өзі барса, жартысынан көбі күйеуі әйелінің кіммен араласатынын, кіммен кездесетінін, тіпті сырт көрінісі мен киімін де бақылауға хақылы деп есептейді. Мұның бәрі әртүрлі формадағы зорлыққа жатады.
Сұрауға қатысқан әйелдерден гөрі ер адамдар арасында серігіңе түрлі формадағы зорлық көрсетуге құқылысың деп ойлайтындар жиірек кездескен.
Ерлер мен әйелдердің жауабындағы ең көп айырма сырт келбет пен ақшаны бақылау мәселесіне қатысты. Жауап берген ер адамдардың 60%-дан астамы күйеуі/серігі әйелінің/серігінің есепшотын, кірісі мен шығынын толықтай бақылауға немесе жағдайға орай бақылауға алуға құқылы деп есептесе, 70%-дан астамы әйелдің сыртқы келбетіне қатысты да осындай пікір білдірген.
Құқық қорғаушы Халида Әжіғұлова менталитетті және қоғамның зорлыққа қатысты көзқарасын өзгерту үшін адам құқығын мектептен бастап оқыту керек деп есептейді. Әжіғұлова 2019 жылдан бастап мемлекеттік органдарға осындай сабақты мектеп жасына дейінгі балалар мен бастауыш сынып оқушыларына оқытуды сұрап, бірнеше рет жүгінгенін айтты.
Оның ойынша, бұл зорлық пен буллингтің алдын алып қана қоймай, балаларды басқалардың ар-намысына қол сұқпауға да баулиды.
«Бірақ менің ұсынысымды саяси көшбасшылар қолдаған жоқ, — дейді Әжіғұлова. — Тиімді құқықтық ағарту жұмысын қолға алмайынша, отбасы мен тұрмыстағы зорлықтың түп тамырындағы қатып қалған гендерлік көзқарасты өзгерту мүмкін емес».