Accessibility links

"Классикалық үлгідегі саяси партия қалыптаспады". Дос Көшімнің қос сұхбаты


Қазақстан Жоғарғы кеңесі алдында наразылық акциясын өткізіп жатқан оппозиция белсенділері. Алматы, 1992 жыл.
Қазақстан Жоғарғы кеңесі алдында наразылық акциясын өткізіп жатқан оппозиция белсенділері. Алматы, 1992 жыл.

1991 жылы қыркүйекте Қазақстанда советтік компартия тарады. Сол кезде Социал-демократиялық партияны басқарған Дос Көшім Азаттыққа сұхбатында "жаңа кезең" жайлы тоқталған. Ал бүгінгі сұхбатында ол Қазақстандағы көппартиялық ойыны "демократия декорациясы" болып қалғанын айтады.

Дос Көшім көрген "демократия декорациясы"
please wait

No media source currently available

0:00 0:33:14 0:00

1991 жылғы 19 қазанда Азаттық радиосына берген сұхбатында сол кезде Социал-демократиялық партияның тең төрағаларының бірі болған Дос Көшім коммунистік партия ыдырағаннан кейінгі елдегі көппартиялық үрдісі жайында әңгімелейді. Арада 33 жыл өткеннен кейін осы сұхбатынан туындаған сұрақтарға жауап берген Көшім елдегі бұл үрдіс биліктің құралына айналып кеткенін айтты. Жаңадан құрылған партиялардың кейбірі талап етілгеннен де көп қол жинаса да, тағы бірі бірнеше жыл қатарынан өтініш берсе де тіркеле алмай жүр. Есесіне айналдырған бірнеше айдың ішінде құрылып, тіркеліп, бір демде парламентте бірнеше мандатқа ие болған партияны көпшілік біле бермейді.

ДЕМОКРАТИЯ КӨШІНДЕГІ ДОС КӨШІМ

Дос, Досмахамбет Көшім 1955 жылы Арыс қаласында дүниеге келген. Қазір әл-Фараби атына берілген бұрынғы Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университінің түлегі, филолог. Қайта құру кезінде "Ана тілі" қоғамын құрушының бірі болды.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың тергеуі мен сотына аудармашылық етті.

1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан (солдан оңға қарай): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан (солдан оңға қарай): Түгелбай Тәшенов, Жамбыл Тайжұмаев, Қайрат Рысқұлбеков пен Қайыргелді Күзембаев сотта тұр. Алматы, 16 маусым, 1987 жыл. (Юрий Беккер түсірген сурет)

1990 жылы Қазақстан социал-демократиялық партиясын ұйымдастырушылардың бірі және сол партияның алғашқыда тең төрағасы, кейін төрағасы қызметін атқарды. 1991 жылы Азаматтық "Азат" қозғалысы төрағасының орынбасары, Совет демократиялық конгресі тең төрағаларының бірі болды. "Демократияны қазақ тілінде оқытып үйрету және тарату" орталығын құрды. "Әділ сайлау жолында" қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі.

"Тәуелсіз бақылаушылардың республикалық жүйесі" қоғамдық бірлестігін құрушы және сол ұйымның басшысы қызметін атқарды. "Ұлт тағдыры" қозғалысын ұйымдастырушылардың бірі болды және осы қозғалысты басқарды. Алматыдағы Шаңырақ оқиғасына қатысқан ондаған азаматты қорғаушылардың бірі болды. Демократия принциптері туралы кітаптардың авторы. Қазақстан тәуелсіздік аларда алғаш саяси партия құрған неформалдардың бірі.

КОМПАРТИЯДАН КЕЙІНГІ "ЖАҢА КЕЗЕҢ"

Дос Көшім 1991 жылғы 19 қазанда, Социал-демократиялық партияны тіркеуге ұсынар алдындағы құрылтайда, Азаттық радиосының Алматыдағы тілшісі Қиял Сабдалинге сұхбат берген. Ол кезде Қазақстан коммунистік партиясының тарап, Социалистік партия атымен қайта құрылып жатқан шағы. Ұзақ жыл өктемдік еткен большевикер партиясы 1991 жылдың қыркүйегінде ыдырап тынды.

Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Совет одағы президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 25 қыркүйек, 1990 жыл.
Қазақ ССР президенті Нұрсұлтан Назарбаев (сол жақта) пен Совет одағы президенті Михаил Горбачев. Мәскеу, 25 қыркүйек, 1990 жыл.

Елде дара партия басқаратын жүйе күйреп, демократия лебі есіп, қоғам ояна бастаған кез. Қазақстанда балама партиялар 1990 жылы, компартия тұғырдан түспеген кездің өзінде құрыла бастаған. Бірақ ел әлі тәуелсіздік алмаған. Тамыз бүлігі бұрқ ете түсіп, жаңарған одақтық шартқа қол қойылмай қалды. Алайда совет құрамында болған елдердің кейбір коммунист басшылары екінші бір ынтымақтастық шартына қол қоймаққа әзірленіп жатқан.

Мәскеуде де СССР Жоғарғы советінің кезекті сессиясы, соңғы сессиясы басталар кез. Қазақстанда тұңғыш рет жалпы халық болып президент сайлайтын уақыт белгіленіп, оған жалғыз кандидат – билік басында отырған, кейінгі екі жылдан астам уақыт республикалық компартияны басқарып келген Нұрсұлтан Назарбаев қана тіркеліп, сайлауалды науқан басталған күндер.

Қысқасы, қайнаған саяси оқиғалардың буы бұрқырап тұрған шағы. Азаттық радиосының тілшісі Батырхан Дәрімбеттің сол кездегі жайды "Сонымен Совет империясы ыдырауда. Ал республикалар өз тәуелсіздігіне жол ашуда" деп сипаттағаны бар. Бұл Азаттық радиосының 1991 жылғы 22 қазандағы эфирінен үзінді. Осы күні эфирге ұсынылған материалдың бірі – Қазақстан Социал-демократиялық партиясының тең төрағаларының бірі Дос Көшіммен болған сұхбат.

"Қазір саяси-қоғамдық, әлеуметтік жағдайдың жаңа кезеңі басталды. Бұл – коммунистік партияның саяси аренадан кетуіне байланысты туындап отыр. Екінші бір мәселе – партияны тіркеу ісі. Осыған орай бұған дейін қабылданған партияның декларациясы мен ой-тұжырымын ұйымның бағдарламасы ретінде қабылдау жайы талқыланады. Жарғысы бекітіледі. Сегіз облыстан партияның аймақтық бөлімдерінен адамдар келіп отыр. Солармен пікір алмасып, елдегі саяси жағдайды талқылауды көздеп отырмыз", – деген Дос Көшім 1991 жылы Азаттық радиосына берген сұхбатында.

"МАҚСАТ – БАТЫС ЕУРОПАДАҒЫДАЙ БАҒДАРЛАМА ҰСЫНУ"

Социал-демократиялық партияның тең төрағасы Дос Көшім партия атауына байланысты мынаны айтқан. Пайымдауынша, мұның алдында Социал-демократиялық партияның Алматы қалалық бөлімінің жиынында бір ғана дауыс айырмасымен ұйым атауын ауыстырмау туралы шешім қабылданған. Республикалық құрылтайда да ол өзінің партия атауын өзгертуге қарсы екенін білдіреді.

"Қазіргі конъюктуралық жағдайға байланысты "социал" деген сөзден адамдар сескеніп қалған. Осыны ұсынған адамдар сол себептен партия атауын өзгерткісі келіп отыр. Дегенмен партия өз атауымен қалғаны дұрыс сияқты. Себебі "адамдар түсінбейді" деген желеумен партия атын ауыстырған дұрыс болмайды. Партия республикада бір жарым жыл жұмыс істеп танылып қалған ұйым ғой. Оны өзгерткен коммунистік партияның атын ауыстырған сияқты әсер береді. Сөзден қашу қажет емес. "Социал" деген – социалистік деген емес, әлеуметтік деген мағынаны береді. Мұны түсіндіріп айтса, бәрі де біледі", –деген Дос Көшім.

Дос Көшім. Алматы, 23 мамыр, 2022 жыл.
Дос Көшім. Алматы, 23 мамыр, 2022 жыл.

"Өзіміздің мызғымас шағын тобымыздың алдыға қойған мақсаты – Батыс Еуропадағыдай социал-демократтардың принциптерін негізге ала отырып, оны Қазақстан жағдайына жақындатып, адамдардың ойынан шығатындай бағдарлама ұсыну", – деп қосты ол.

Дос Көшім социал-демократтар құрылтайындағы маңызды мәселелерді былай тізбелейді.

"Бағдарламада Қазақстандағы барлық халықты айта отырып, ұлттық мәселе бойынша империя кезінде құрып кете жаздаған қазақ ұлтының жағдайы туралы екі бап енгіздік. Баптар әдебиет, тіл, мәдениетті дамытуға қатысты болды. Осы бағытта жұмыс істейміз дедік. Бұл да біздің жеңісіміз сияқты", – деді Дос Көшім.

Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған адамдар. Алматы, 1990 жылғы мамыр. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.
Желтоқсан оқиғасына баға беруді талап етіп, аштық жариялаған адамдар. Алматы, 1990 жылғы мамыр. Хасен Оралтайдың жеке қорындағы фото.

Ол 1990 жылғы 19 қазанда Азаттыққа берген сұхбатында партияның ерекшелігі жайлы мынаны айтқан:

"Бұған дейін Қазақстанда социал-демократтар, "Желтоқсан" және "Алаш" партияларының бары белгілі. Енді таяуда оған "Азат" партиясы, Халықтық конгресс партиясы қосылды. Коммунистік партия сол күйі қалса да атын Социалистік партия деп өзгертіп, шапанын ауыстырып алды. Партиялар бір-біріне ұқсас болғанымен, біздің партияның бір ерекшелігі – мәселені экономикалық қырынан және мемлекеттік құрылыс жағынан қарастырамыз. Мақсатымыз – халықты жақсы өмірге алып келуге ықпал ету. Сонымен бірге халықты әлеуметтік жағынан өмір тауқыметінен құтқаратындай деңгейге жеткізу. Біржақты болмауымыз керек. Байып келе жатқан адамдардың да жағдайын ойлау керек. Олар байи түскенімен қатар, өздерінен төмен тұрғандардың жағдайын жасай білуі керек. Бәрінің бірдей кедей болуынан ештеңе бермегенін онсыз да көрдік қой. Сондықтан басты бағытымыз – еңбекшілердің экономикасы мен әлеуметтік жағдайына баса назар аудару".

ҚСДП ДА НАЗАРБАЕВ ҰСЫНЫСЫНАН КЕЙІН ҚАҚҚА ЖАРЫЛДЫ МА?

Қазақстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) қандай ұйым еді? Осы ретте саясаттанушы Андрей Чеботарев орыс тіліндегі "Дербес Қазақстанның саяси ойы" кітабында былай деп жазды:

"1990 жылғы 26-27 мамырда Алматыда Қазақстан социал-демократиялық партиясының құрылтай сиезі өтті. Бұл партия іс барысында Қазақстан тәуелсіз қоғамдық ұйымдарының қауымдастығы базасында құрылды. Оның тең төрағалары болып Дос Көшімов пен Сергей Дуванов сайланды. Идеологиялық жағынан ҚСДП әлемдік социал демократияның азаттық, ынтымақтастық және әділет сияқты құндылықтарға берік ұстанатынын жариялады. ҚСДП саяси, экономикалық және әлеуметтік реформалар, президент және Жоғарғы совет өкілдерінің қатысуымен барлық саяси-қоғамдық ұйымдардың консультативті кеңесін құру, жерді жеке меншікке беру арқылы азаматтардың өмір сапасын арттыруды көздеді".

Кітап авторы бұл ұйымның компартиядан айырмашылықтарын да көрсеткен.

Азаматтардың теңдік мүмкіндігі ретінде азаттыққа ұмтылу, ҚСДП үшін социализм – радикалды реформалардың жиынтығы. Социализм мұндайда коммунистердікі сияқты мақсат емес, құрал.

Cаясаттанушы Чеботаревтің жазуынша, қызмет ету формасы мен ауқымы жағынан ҚСДП өзін сайлауға қатысып, парламентте және жергілікті өкілдік органдарында көп орын алуды мақсат ететін парламенттік типтегі партия ретінде жариялады. Құрылымдық жағынан партия демократиялық бағытты ұстанды. Соған орай партияның өзі ішінен фракциялар мен топтар құруға рұқсат берілді.

Алайда 1990 жылдың күзінде партия "солшыл радикалдар" мен "либералдар" қанатына бөлінді. Оған себеп, Чеботаревтің жазуынша, президенттің бір жылға митингілер, шерулер және манифестация өткізуге мораторий жариялау ұсынысы туралы партияластар пікірінің сәйкеспеуі болды.

Сол кезде билік қоғамдық ұйымдарды Алматыда бір жылға дейін митинг өткізбеуге үгіттегені белгілі. Қалалық кеңес басшылығы 40-тан астам ұйым өкілдерінің басын қосып жиын өткізіп, бір жылға дейін митингіге мораторий жариялатқызбақ болған. Осы ұйымдардың арасында мәдени орталықтар да бар еді.

"КӨППАРТИЯЛЫҚ ЖҮЙЕ ҚАЛЫПТАСҚАН ЖОҚ"

Жалпы, Қазақстандағы саяси партиялардың жұмысына кедергіде билік жиі аталады. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін естіп қаласың, немесе ол құрған саяси жүйенің қысымы жайында сөз болады.

Қазақстандағы көппартиялық бастауы қалай болған еді, оның кейінгі трансформациясына бүгінгі күн тұрғысынан қалай деп баға беруге болады? Елде 33 жыл бұрынғы жағдайдан бері не өзгерді? Бұл сұрақтарды Дос Көшімге қойдық.

Ол ұзақ уақытқа жалғасқан тоталитарлық бұғауда енді ғана босаған сол кездегі қоғамда саяси партиялар құру жолында эйфория орнағанын айтты.

– Көп партия құрып, демократиялық ел боламыз дедік. Елде көп партия, бірнеше партия болатын шығар деген үміт бар еді. "Алаш" қозғалысы да, "Желтоқсан" ұйымы да партия боламыз деді. Біз өзіміз 1990 жылғы 26 мамырда партия құрып үлгердік, – деді Дос Көшім Азаттыққа.

Бірақ тоқсаныншы жылдарғы үміт ақталмады деді өткен кезеңді ой елегінен өткізген ол. Сол кезде құрылған "Азат", "Алаш", "Желтоқсан" және Республикалық партиялардың қадамы сәтсіз болған. Билік олардың денін тіркеуден өткізбеді. Оппозиция есебінде қалған Социал-демократиялық партия да 1994 жылы жабылып тынған. Әуелде "уақытша жұмысын тоқтатқан".

– Басында бәрі жақсы басталды. Бірақ кейін билік "есін жиып алды" да, көппартиялық халықаралық деңгейде "демократия декорациясы" үшін ғана қажет болып қалды, – деді саясаткер.

Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар бүлдірген "Nur Otan" билеуші партиясының Алматыдағы кеңсесінің қасынан өтіп бара жатқан адам. 8 қаңтар, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасы кезінде наразылар бүлдірген "Nur Otan" билеуші партиясының Алматыдағы кеңсесінің қасынан өтіп бара жатқан адам. 8 қаңтар, 2022 жыл.

Көшім совет уақытында дара партия болған коммунистердің кейін қалай тарамдалғанын сипаттап өтті.

– Коммунистік партия кейін Социалистік партияға айналды да, сосын Қазақстан халық бірлігі партиясы аталды, ол "Отан" болды, "Отан" "Нұр Отан" болды, қазір ол "Аманат" аталады, – деді Дос Көшім.

Айтуынша, оппозициялық ұйымдар сол кезде "Азат" қозғалысы аясында топтасқан. Олар өз идея, мақсаттарын партия ретінде жүзеге асыра алмағанымен, "Азат" қозғалысының құрамында жүріп шама-шарқынша жұмыс істеген.

– Өзімізден де бар шығар. Саяси партия құратындай, саяси тәсіл мен саяси құжат жасай алатындай білім де болған жоқ. Сондықтан өзіміздің де әлсіздігіміз болды. Идеяларымызды парламентке кіріп, заң шығаратындай деңгейде жүзеге асыра алмадық. Билік бізге ондай мүмкіндік бермеді. Өкінішке қарай, сөйтіп Қазақстанда көппартиялық жүйе қалыптасқан жоқ, – деді ол.

"АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕНДЕР ТІЗІМІ"

Дос Көшім сол кездегі билік "неформалдарды", алғашқы оппозициялық партияларды тіркемей қойып, жасанды партия жасауға көшті деп санайды. Халық конгрессі партиясын ол билік қолдан жасаған алғашқы саяси ұйым ретінде таниды. Бұл партияның теңтөрағасы болып ақындар Олжас Сүлейменов пен Мұхтар Шаханов сайланды. Сүлейменов "Невада – Семей" антиядролық қозғалысын, ал Шаханов Арал теңізін құтқару қоғамдық комитетін басқаратын.

– Қызық жағдай. Осы партияны құрардың алдында екі ай бұрын, Олжас Сүлейменов коммунистік партияның саяси бюросының мүшесі, яғни сол партияның көсемдерінің бірі болған. Бұл екіжүзділік еді. Сол кезде "Олжас ағамыз коммунистік партияда жүрген жансыз сияқты өзін сыртқа көрсетпей демократ болып жүрді, немесе қазір жансыз болып отыр" деп айтқаным бар, – деді Дос Көшім.

Оның сөзінше, осыдан кейін қолдан жасалған партиялар қатары көбейген. Саяси партияларды ресми тіркеуге алу талабы күшейіп, оппозициялық ұйымдар билік өзіне қажет күштерді ғана партия ретінде тіркейді деп сын айтатын.

Сол кездегі заң талабына сәйкес, саяси партияны тіркеу үшін кемінде үш мың адамның қолы болуы шарт еді. Дос Көшімнің айтуынша, сонда осынша адамның қолына қоса олардың жұмыс орны, тұратын жері туралы тізім қатар өткізілетін.

– Біз мұны "ату жазасына кесілгендер тізімі" деп қалжыңдайтынбыз. Сол кезде Тәжікстанда азамат соғысы болып жатты. Әлі есімде, сондағы Қорғантөбе облысында осындай тізіммен Юсуф Шадмон басқаратын Тәжікстан демократиялық партиясы құрылған. Олар Қази Калон жағындағы исламшылдармен бірігіп, коммунистерге қарсы соғысты. Қорғантөбе облысында жаңағыдай тізім қарсы жақтың қолына түсіп, 500 адамды атып тастаған. Сондықтан біз, Қазақстан Социал-демокртаиялық партиясы тізім беруден бас тарттық. Сөйтіп біз де тіркелмей қалдық. Одан кейін мен партия басшысы ретінде қол қойсам, мені соттайтын болды. 1994 жылы партия қызметін уақытша тоқтаттық, – деп еске алады Дос Көшім.

Ол елде өзгеше ойлайтын ұйымдарды тіркеуді қиындату мен мүмкіншілік бермеу үрдісі әлі күнге жалғасып келе жатқанын, қазіргі уақытта билікке жақпайтын партияны тіркемеудің басқадай да амалы көбейгенін айтады.

– Мәселен "Алға" партиясы бес рет тіркеуге өтініш берсе де, тіркеуден өткізбеді. Ол кездегі заң талабы бойынша, 40 мың адамның қолы қажет болатын. Әрбір адамның куәлігінің көшірмесін қоса өткізсе де, партия тіркелмей қала берді. Ал Мұхтар Шахановтың басқаруындағы "Халық рухы" партиясы 40 мыңның орнына 60 мың қол өткізген. Бұл партияны да түрлі сылтаумен тіркемеді. Биліктің өзіне керекті партиялар ғана тіркеледі, – деді ол.

Дос Көшім осы тұста былтырғы мәжіліс сайлауы қарсаңында құрылып, тіркеліп үлгерген, "халықтың көбі біле бермесе де, билікке керек" кейбір партиялар парламентке де өтіп, бірнеше орын иеленгенін мысалға келтірді.

Көшім бір кездері Азат Перуашев басқарған Азаматтық партияның билік партиясына қалай "жұтылғанын", бірінші президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева мен Ерлан Қарин (қазір мемлекеттік кеңесші қызметінде) құрған "Асар" партиясы да "Отан" партиясына қалай қосылып кеткенін де еске алды.

2006 жылы "Асар" партиясы өзге билікшіл партиялармен бірге "Отан" партиясына біріккен соң Дариға Назарбаева әкесі басқаратын партия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
2006 жылы "Асар" партиясы өзге билікшіл партиялармен бірге "Отан" партиясына біріккен соң Дариға Назарбаева әкесі басқаратын партия төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

– Саяси партиялардың бір-бірімен қосылуы мен бір-біріне "жұтылуы" әлі күнге ойын есебінде жалғасып келе жатыр. Бұл – биліктің бір әдісі, – деді Дос Көшім.

Оның пайымдауынша, Қазақстанда классикалық үлгідегі саяси партия әлі қалыптаспаған. Парламенттегі партиялар арасында ешқандай бәсекелестік байқалмайды.

– Төменнен жиналып бір бағытқа жұмылатын, белгілі бір саяси мақсат қоятын, соны саяси тәсілдер арқылы жүзеге асыратын классикалық үлгідегі саяси партияны көріп тұрған жоқпын. Одан да қызығы, парламентке өткен партиялардың арасында саяси бәсеке жоқ. Көппартиялық жүйенің негізі бәсекеге байланысты анықталады. Әдетте ондайда партиялар керекті заң қабылдап, халық алдында бедел жинауға тырысады. Осы айтылғандардың ешқайсын көріп отырған жоқпыз, – деп сөзін қорытындылады Дос Көшім.

1990-жылдардың басында советтік Қазақстанда құрылған Социал-демократиялық партияның тең төрағаларының бірі болған Дос Көшіммен болған сұхбаттың аудиосын подкасымыздан тыңдаңыз.

"Азаттық толқыны" подкасының барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    "Шайхана" блогының авторы. Азаттықтың Алматы бюросының бас редакторы болған. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған. 

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG