Accessibility links

Парижде Зеленский мен Трамп кездесті


Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон және Дональд Трамп
Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон және Дональд Трамп

Парижде АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп пен Украина басшысы Владимир Зеленский және Франция президенті Эммануэль Макрон кездесті. Кездесуден Associated Press хабар таратты.

Кездесу шамамен 35 минутқа созылды. Соңында баспасөз жиыны болған жоқ. Президенттер одан кейін өрттен кейін қалпына келтірілген Париждегі Құдай ана соборының ашылу рәсіміне қатысқан.

Зеленский кездесуден кейін әлеуметтік желідегі парақшасында оның "жақсы әрі өнімді" өткенін жазды.

"Өзіміздің адамдар туралы, майдандағы жағдай мен Украина үшін әділетті бейбітшілік туралы сөйлестік. Бәріміз соғыстың тез әрі әділ түрде біткенін қалаймыз" деді ол.

Бұл қарашада президент сайлауында жеңген Трамптың шетелге алғашқы сапары. Сайлауалды кампаниясы кезінде ол Украина президенті мен АҚШ-тың Киевке әскери көмегін қатаң сынаған. Бір мезетте ол соғысты аяқтау жоспары барын да айтқан.

АҚШ-тың жаңа сайланған президенті ұлттық қауіпсіздік кеңесі штабының бұрынғы жетекшісі генерал Келлогты Украина және Ресей бойынша арнайы уәкіл ретінде тағайындайтынын айтқан.

2024 жылы маусымда Келлог Мәскеу мен Киевті келіссөзге мәжбүрлеу жоспарын ұсынған: егер Украина бас тартса, әскери көмекті қысқартуды ұсынған; ал Мәскеу бас тартса Украинаға әскери көмекті арттыру қажеттігін айтқан. Келіссөз кезінде тараптар атысты тоқтатып, қазіргі майдан сызығында қалуы керек.

Трамп өзінің соғысты тоқтату жоспары Келлогтың ұсынысына сәйкес-сәйкес еместігін айтқан жоқ.

Украина осыған дейін Ресей Украина жерінен әскерін толық әкетпейінше келіссөзге бармайтынын айтқан. Жуырда Зеленский соғысты қазіргі майдан сызығында тоқтатуға келісуі мүмкін екенін, Киев орыс әскері басып алған жерді дипломатиялық жолдармен қайтаруға күш салуы мүмкін екенін айтқан.

XS
SM
MD
LG