Accessibility links

Қазақстанда бұрынғы президенттердің жеке өмірі мен денсаулығы жайлы деректерді құпия етпек


Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты мемуар-кітабының мұқабасы.
Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты мемуар-кітабының мұқабасы.

Қазақстан Республикасының бұрынғы президенттері мен олардың отбасы мүшелерінің жеке өмірі және денсаулығы жайлы деректер мемлекеттік құпияға жатқызылмақ. Заңға осындай өзгертулер енгізу туралы заң жобасы 12 желтоқсанда парламент сенаты екі оқылымда мақұлдағаннан кейін президентке қол қоюға жіберілді.

Парламент мақұлдаған құжатта 1999 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік құпиялары туралы" заңының 14-бабына толықтыру енгізу көзделген.

"Мемлекеттік құпиялар туралы" заңына барлау, қарсы барлау, жедел-іздестіру және өзге де қызметтер саласындағы мемлекеттік құпияларға Қазақстан президентінің және оның отбасы мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ұйымдастырылуы, күштері, құралдары мен әдістері туралы, президенттің денсаулық жағдайы мен жеке өмірі туралы мәліметтерді, Қазақстанның бұрынғы президенттерінің және олардың отбасы мүшелері туралы дәл сондай мәліметтерді қосу бойынша толықтырулар енгізіледі", – деп жазылған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі, ақпарат, қоғамдық даму, мәдениет және архив ісі салаларында артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының қорытындысында.

Парламент сенатының мүшесі Айгүл Қапбарова бұл жаңа норма заң жобасы мәжілісте қаралған кезде енгізілгенін айтты деп хабарлады "Орда" сайты.

"Бұл денсаулық туралы деректер. Қазақстанда кез келген азамат жеке өмірінің құпиясын сақтауға құқылы. Бұл денсаулық мәселесіне, оған қойылған диагноздарға байланысты. Көптеген елде президенттердің денсаулығы туралы мәліметтер құпияға жатады", – деген сенат депутаты.

Қазақстанда әзірге жалғыз бұрынғы президент бар – 84 жастан асқан Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Совет одағы құрамында болған кезде билік басына келген ол отыз жылға жуық ел басқарып, 2019 жылы наурызда президент лауазымын көп жылдан бергі серігі Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыс етіп кеткен. Әйткенмен, президент қызметінен кетсе де, Назарбаев елдегі билікке ықпал жүргізетін Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып қалған. Өзі президент болып отырған кезде қабылданған "Қазақстанның тұңғыш президенті – Елбасы" туралы заңға сәйкес ерекше мәртебесі болды, Қауіпсіздік кеңесін өмір бойы басқару құқығы берілді. Қазақстан қоғамында елдегі "қос билік" жөнінде түрлі сыни пікірлер айтылды, Ақордадағы ресми тұлғалар оны жоққа шығаруға тырысты.

2022 жылдың басында тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі қантөгіс болды. Үкіметке қарсы жаппай наразылықтан басталып, тәртіпсіздіктерге ұласқан Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде күш құрылымдары оқ атты. Ресми деректер бойынша, кемінде 238 адам қаза тапты. Қаңтар оқиғасы кезінде Қауіпсіздік кеңесін басқаруды өз қолына алған президент Тоқаев билігін нығайтып, Назарбаев бұрынғы ықпалы мен өзіне артықшылық беретін ерекше мәртебесінен біртіндеп айырыла берді. Қазір ол жұрт алдына өте сирек шығатын болған.

Президент пен бұрынғы президенттің денсаулық жағдайы, жеке өмірі жайлы мәліметтер ашық дерек көздерінде жоқ.

Назарбаев 2023 жылы жариялаған "Менің өмірім" деген кітабында нақсүйері Әсел Исабаевадан (Құрманбаева) екі ұл бала дүние келгенін алғаш рет мойындаған. Әйткенмен ел аузында 1999 жылы "Қазақстан аруы" байқауының жеңімпазы болған Исабаева "Назарбаевтың тоқалы" деп аталып кеткеніне біраз уақыт болған. Осы кітабы шықпай тұрып Назарбаевтың ресми биографиясында оның заңды некедегі зайыбы Сара Назарбаевадан үш қыз сүйгені айтылатын.

2019 жылы Тоқаев президент болып сайланған кезде қазақстандық БАҚ оның зайыбы Надежда Давыдовна Тоқаева деп жазған. Алайда екінші президент қызметке кіріскен соң көп ұзамай Ақорда сайтында жарияланған биографиясында Тоқаев ажырасқан деп көрсетілген еді.

XS
SM
MD
LG