Accessibility links

"ҚазТрансОйл" Украина "Достық" құбырына шабуылдады деген ақпаратты жоққа шығарды


"ҚазТрансОйл" Украина "Достық" мұнай құбырына шабуылдады деген ақпаратты жоққа шығарды. Компанияның хабарламасын 11 желтоқсанда ҚазТАГ жариялады.

"Соққы жанармайы бар мұнай қоймаларына жасалған. "ҚазТрансОйл" "Транснефть" компаниясына хабарласты, құбырлар дін аман. "Транснефть" компаниясының мәліметінше, соққы негізінен жанармай нысандарына қатысты, [соққылар] мұнай құбырына бағытталмаған, себебі олар Еуропаға (Германия) жөнелтіледі" деп хабарлады компания.

Бұған дейін Украинаның дрондар шабуылы салдарынан "Достық" құбырына зиян келгені жөнінде хабарланған еді.

Бұл құбыр арқылы Қазақстан Германияға мұнай тасымалдайды.

11 желтоқсанда Ресейдің Брянск облысында украин дрондарының шабуылы салдарынан өндіріс нысаны өртенген. Бұл жөнінде аймақ жетекшісі Александр Богомаз хабарлаған. Оның сөзінше, 11 желтоқсанға қараған түні Брянск облысында он дрон құлатылған.

Украиналық арналардың хабарлауынша, "Транснефть" компаниясына тиесілі мұнай өңдеу зауыты өртенген. Astra телеграм-арнасы Свень ауылында "Достық" мұнай құбырының тиеу пункті отқа оранғанын жазды.

Украинаның қарулы күштері украин дрондары Брянск облысындағы мұнай қоймаларына соққы жасағанын растады.

"Достық" мұнай құбырына тиесілі Брянскідегі мұнай тиеу пункті – дизель отынын қабылдап, сақтайды және әрі қарай автоцистерналар мен темір жол көліктеріне үлестіреді.

Ресей қорғаныс министрлігі 11 желтоқсанға қараған түні Брянск облысында 14 украин дронын атып түсіргенін хабарлады.

XS
SM
MD
LG