Әлеуметтік желілерде жарияланған және Азаттық қай жерде түсірілгенін анықтаған видеоларда осы айда Сирияда әбжіл қимылдап, билікті құлатып тынған "Хайат Тахрир әш-Шам" тобы құрамында соғысып жүрген Орталық Азия елдерінен шыққан адамдар көзге түсті.
Шетелдіктер – "Хайат Тахрир әш-Шам" мен оған жақын топтардың сапындағы қарулы күштің бір бөлігі ғана. Олардың жиынтық саны он мың адамға жуық. Бірақ қазір Сирияда жүрген, бұған дейін де түрлі соғысты көрген, радикализмге бой ұрған шетелдік жаугерлер Сириядаға тұрақтылыққа қана емес, сонымен бірге өздері шыққан елдердің қауіпсіздігіне де қатер төндіретін күш ретінде қарастырылады.
"АҚШ-тың көзқарасымен қарағанда, бұл аса үлкен проблемалардың бірі болмақ, өйткені бұлар Сирияның байырғы тұрғындары емес, – деді Вашингтон институтының аға ғылыми қызметкері Аарон Зелин. – "Хайат Тахрир әш-Шам" тобындағы сириялықтар [шетелдік жаугерлермен салыстырғанда] АҚШ-қа бола өйтіп мазасызданбайтын шығар".
"Хайят Тахрир аш-Шам" АҚШ пен Еуропа одағында террорлық ұйым деп танылған. Бұрын ол "Әл-Қаида" террор тобымен байланыста болған.
Соғысқа машықтанған исламшыл топ Асад үкіметін төңкергеннен кейін Сирияда толерантты әрі ашық қоғам орнатуға уәде берген, алайда ол топ адам құқығын бұзып, өзге террор топтарымен байланыс орнатуы мүмкін деген қауіп сейілген жоқ.
"ЗОР ПРОБЛЕМА"
Азаттық қай жерде түсірілгенін анықтаған видеолардың бірінде әскери киім киген ондаған қарулы адам Сириядағы екінші ірі қала Алепподан солтүстік-батысқа қарай шамамен 30 шақырым жердегі Дейр-Семаан елдімекеніндегі христиан діни ғимараты болған жерде тұрғаны көрінеді.
Видеода тәжік тілінде сөйлеген адам өздерінің тобы "кәпірлердің" жерін басып алғанын айтады. Бұл видео 3 желтоқсанда түсірілген.
Тәжікше сөйлеген бұл адам қай топтың құрамында соғысып жүргені белгісіз. Тәжікстаннан, Өзбекстаннан және Қырғызстаннан шыққан адамдар "Хайат Тахрир әш-Шам" тобымен байланысы бар бірнеше ұсақ топтардың қатарында, мысалы, "Катибат әл-Имам әл-Бұхари" тобында және Түркістан бригадасы құрамында бар.
Азаттық сөйлескен Тәжікстан арнаулы қызметінің өкілі (БАҚ-қа комментарий беруге өкілеті болмағандықтан аты-жөнін атамауды сұрады) Сириядағы тәжіктер туралы видеоларға Тәжікстан билігі "қатты мазасызданып" отырғанын, себебі ондайлар "сәлден соң жарылатын бомба" іспетті деген теңеу айтты.
"Мұндай видеолар осы адамдар әйтеуір бір күні Тәжікстанға оралып, осы жерде зор проблема тудыруы мүмкін екенін есімізге тағы бір рет салды", – деді арнаулы қызмет өкілі.
Сирияда жүрген шамамен 400 тәжіктің арасында ағайынды Анвар мен Мухаммаджон Исомиддиновтер де болуы мүмкін деп топшылайды туысы. Жасы отыздың маңайындағы бұл екі жігіт Тәжікстанның солтүстігіндегі Чордо ауылында туып-өскен. Сирияға шамамен 2014 жылы кеткен.
Ағайындылардың туысының (жеке басының қауіпсіздігін ойлап аты-жөнін атамауды өтінді) айтуынша, отбасының ол жігіттерден хабарсыз отырғанына бірнеше жылдың жүзі болған.
"Соңғы рет туыстары Анвармен және Мухаммоджонмен сөйлескенде ағайындыларға елге қайтыңдар деп жалынды, – деді ол. – Бірақ әңгімені үзіп жіберіп, содан кейін қоңырау шалған жоқ".
"ӨЗІҢДІ ӨЗІҢ ӨЛТІРГЕНМЕН БІРДЕЙ"
Азаттық анықтаған келесі бір видеода Алепподағы цитадельдің алдында тұрған ер адам албан тілінде сөйлейді. Бұл видео биыл 30 қарашада, "Хайат Тахрир әш-Шам" қарулы тобы Сирияның солтүстік-батысындағы осы ірі қаланы басып алған кезде түсірілген.
Видеодағы ер адам қарулы топ мүшелері "езгіден бостандық алу үшін" күресіп жүргенін айтады, Асадтың қатаң билігін меңзеп. Ол қарулы топтың Алеппоны басып алғанын "ұлы жеңіс" деп атады.
Оның үстіндегі киімде "Хайат Тахрир әш-Шам" құрамына енетін Xhemati Alban тобының Albanian Tactical бөлімшесінің белгісі тағылған. Бұл бөлімше негізінен Албания, Косово мен Солтүстік Македониядан шыққан албан ұлтының өкілдерінен құралған.
"Құрылымы жолға қойылған исламшыл жиһадшылардың бұл тобы "Хайат Тахрир әш-Шам" аясында әрекет жасайды, – деп түсіндірді Вашингтонда тұратын қауіпсіздік және радикализм мәселелері жөніндегі сарапшы Адриан Штуни. – Albanian Tactical нақты бір әскери машыққа басымдық береді, соның ішінде мерген дайындау, жарылыс жасау әдіс-тәсілдері, сонымен бірге басқа жауынгерлерді де үйретеді. Бұл осы бөлімшенің "Хайат Тахрир әш-Шам" ішінде жүріп жай ғана соғысқа қатысушыдан стратегиялық күшке айналғанын көрсетеді".
2011 жылы Сирияда азамат соғысы басталғаннан кейін ұлты албан жүздеген адам осы елге келіп, "Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік тобы мен "Әл-Қаида" террор ұйымының Сириядағы бөлімшесі "Жебхат ән-Нусра" тобына қосылған. Кейін "Жебхат ән-Нусра" атауын "Хайат Тахрир әш-Шам" деп өзгертті.
Сол жылдары Таяу Шығысқа Солтүстік Македониядан келгендердің арасында ұлты албан бір жігіт болған еді. Ол төрт жыл, 2020 жылға дейін Сирия жеріндегі соғыста болып, кейін Еуропаға оралған.
"Ол кезде жас едім. Интернеттегі видеороликтерге алданып қалдық қой, – деді бүгінде ересек адамға айналған ол (жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін көрсетпеуді өтінді). – Біз алдымен Түркиядағы адамдармен байланысқа шығып, кейін Сирияға кеттік".
Ол өзі құрамында болған топ қалай аталғанын айтпады.
"Бұл өзіңді өзің өлтіргенмен бірдей болды. Сәті түсіп, әрең қашып құтылдық. Қазір мен соның барлығын ұмытып, қалыпты өмір сүргім келеді", – деді ол.
Солтүстік Македония ішкі істер министрлігі осы елдің кемінде төрт азаматы Сирия мен оған көрші Иракта қарулы топтар сапында соғысып жүргенін мәлімдеді.
Албания үкіметінің дерегінше, қазіргі кезде 30 шақты азаматы Сирияда жүр.
Ева Думаниді сегіз жасында, 2013 жылы әкесі Сирияға алып кеткен. Әкесі "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қосылған. Қазір 21 жасқа толған Еваның нақты қай жерде екені белгісіз. ИМ мүшелерінің жесірлері мен балалары отырған лагерьлер негізінен ИМ тобына бәсекелес топтардың бақылауында.
Еваның немере ағасы Джетан Ндреджони шетелдегі қарындасымен анда-санда сөйлесіп тұратынын айтты. "Бірақ ол қай жерде екенін я жағдайы қандай екенін айтуға өте құлықсыз" деді ол.
"Ол бір сөз жазып қояды да, ал келесі сөзді бірнеше сағаттан я күннен кейін жазуы мүмкін, – деді Албанияда тұрып жатқан Албании Ндреджони. — Сирияға барып, оны алып қайтуға бірнеше рет оқталдым, бірақ ол қысым көріп жүр ме, ол жақтан кеткісі келе ме, жоқ әлде сонда жүріп радикалданып кетті ме, білмеймін".
Сириядан Еуропа барған тағы бір адам – Босния мен Герцеговинаның 35 жастағы азаматы.
Ол 2013 жылдан бері Сирияда тұрып жатыр, осы елде тұрақты тұрады деп саналатын ондаған босниялықтың бірі.
Аты-жөнін атамай сөйлесуге келіскен ол өзін бұрынғы "хиппимін" деп атады. Айтуынша, ислам дінінің сүннит тармағына жататын радикалды ағым – салафизмгебет бұрғаннан кейін Асад үкіметімен күресіп, "Сирия халқын азат етуге" көмектесу мақсатын көздеп Сирияға қоныс аударған.
"Мен бірнеше топтың құрамында болдым. Маған оңай болды деп ойлаймын, өйцткені соғыс туралы хабарым жоқ болатын", – деді ол.
Айтуынша, 2018 жылы соғысқа қатысудан бас тартып, жергілікті әйелге үйленген. Қазір Сирияның солтүстік-батысындағы "Хайат Тахрир әш-Шам" тобының тірегі саналатын Идлиб провинциясында тұрып жатыр.
Сириядағы қарулы топтарға қосылған еуропалықтардың көбі Таяу Шығысқа өзге адамдарды үгіттеп көндіретіндердің сөзіне еріп барған. Оларда радикал көзқарас қалыптасуына интернеттегі видеороликтер ықпал еткен. Енді біреулері діни сенім мен жиһад (қасиетті соғыс) идеясын малданып қосылған. Кейбіреуі қарулы топтар ұсынған ақшаға қызығып барған.
Материалды дайындауға Азаттықтың Тәжік және Балкан қызметтерінің тілшілері үлес қосты.