Accessibility links

Сирияда үкіметке қарсы топтар Дамаскіге кірді


Сирияда үкіметке қарсы топтар ел астанасы Дамаскіге кірді деп жазды жексенбіге қараған түні ақпарат құралдары. Жергілікті тұрғындар AFP агенттігіне қалада қатты жарылыс естілгенін хабарлаған.

Президент Башар Асад Дамаскіден кеткен болуы мүмкін, қайда екені белгісіз деп хабарлады Сирия әскерінің жоғары лауазымды екі офицері Reuters агенттігіне. Ақпаратты дереккөздерге сүйенген CNN мен сириялық адам құқығы жөніндегі бақылау орталығы да растаған. Орталық жетекшісі Абдель Рахман Асад Дамаск әуежайынан ұшып кеткенін айтқан.

Куәгерлердің сөзіне сүйенген ақпарат агенттіктері Дамаск орталығында толқу басталғанын жазды. Көшеде тұрғындардың бірі қол шапалақтаса, кейбірі құлшылық жасай бастаған. Әлеуметтік желіде кейбір тұрғындардың танкіге шығып алып, ән айтып жатқаны көрінетін видеолар тарады.

Жиһадшылар Дамаск түбіндегі Сейіт-Найя түрмесінен мыңнан астам тұтқынды босатқанын хабарлаған. 2011 жылы азаматтық соғыс басталғалы бері бұл түрмеде тұтқындарды жаппай азаптаған, дарға асқан, онда он мыңдаған тұтқын қаза болған деп жазды сириялық адам құқығы жөніндегі бақылау орталығы.

Осыған дейін қаладан Иран әскері мен дипломаттары эвакуацияланғаны хабарланған. Ресми түрде ақпарат расталмады. The Wall Street Journal басылымының жазуынша, Каир Башар Асадқа оппозицияның қатысуымен уақытша үкімет жасақтауды ұсынған. Египеттің сыртқы істер министрлігі сенбі күні ақпаратты жоққа шығарды.

Бейресми мәлімет бойынша, Сирия президенті Башар Асад үкіметке қарсы күштердің шабуылынан кейін Мәскеуде Владимир Путинмен кездескен. Қазір оның қайда екені белгісіз. Бұған дейін оның отбасы Мәскеуге ұшып кеткені хабарланған еді.

Ресей әскері жиһадшылар орныққан бірнеше ауданға әуеден соққы жасады деп хабарлады сириялық адам құқығы жөніндегі бақылау орталығы.

Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылдан бері жүріп келеді. Алеппо 2016 жылға дейін ереуілшілердің маңызды бекінісі болған, бірақ Ресей әскері Асад режиміне көмектескеннен кейін жиһадшылар ол жерден кеткен.

XS
SM
MD
LG