Accessibility links

Сирияда жиһадшылар Хама қаласына кірді


Хама провинциясы, Сирия, 1 желтоқсан 2024 жыл.
Хама провинциясы, Сирия, 1 желтоқсан 2024 жыл.

Сирияда діни қарулы топ елдің орталық батыс бөлігіндегі Хама провинциясында аймақтың атымен аттас қалаға басып кіріп, бірнеше ауданды бақылауға алған. Бұл жөнінде қарулы топ өкілдеріне сүйенген сириялық телеарна хабарлады. Олардың сөзінше, Сирия президенті Башар Асадқа қарсы қарулы топ өкілдері қаладағы орталық түрмені басып алып, тұтқындарды босатқан.

Сирияның үкімет күштері қалаға жиһадшылар басып кіргенін растап, олармен шайқас жүріп жатқанын хабарлады.

Бейсенбі күні Сирия қолбасшылары "бейбіт азаматтардың өмірін сақтап қалу үшін және шайқасқа қала халқын тартпас үшін әскерді Хама маңына шоғырландырғанын" мәлімдеді.

Катарлық Al-Araby Al-Jadeed басылымы дереккөзге сүйене отырып, Башар Асад Ирактың премьер-министріне қайырылып, Бағдадтан тіке әскери көмек сұрағанын жазды.

Басылымның жазуынша, Иракта Асад режимін қолдауға қатысты шииттік саяси жетекшілер арасында дау туындаған.

Сирияда жиһадшылар 27 қарашада Алеппо мен Идлиб провинцияларында шабуыл бастаған. Қарулы топ Алеппоның басым бөлігі мен тұтас Идлиб провинциясын бақылауға алғаны хабарланды.

Түріктің Sabah басылымының жазуынша, Хатай провинциясында тұрып жатқан сириялықтар Алеппо мен Идлибті діни топтар бақылауға алғаннан кейін туған елдеріне кете бастаған. Басылым мәліметінше, күн сайын 200 сириялық Джилвегезю шекара пунткінен өтіп, Сирияға оралып жатыр. 4 желтоқсанда Түркия ІІМ Алеппоға оралу қауіпті екенін ескерткен.

  • Асад режимін Ресей, Иран, сонымен бірге ливандық шииттік "Хезболла" қолдайды. "Хезболланы" АҚШ террористік ұйым деп таныған. Еуроодақ аталған топтың әскери қанатын ғана террористік ұйымдар санатына жатқызған. Ливанда "Хезболла" саяси партиясы да бар.
  • Сириядағы Хмеймим аэродромында Ресейдің авиабазасы бар, бұған қоса Тартус портында Ресейдің әуе-теңіз флоты шоғырланған. Жерорта теңізінде тұрақты түрде ресейлік эскадра істеп тұр.
  • Ресей әскері 2015 жылдан бері Сириядағы соғысқа қатысып келеді. Ресейдің әуе-ғарыш күштерінің ұшақтары азаматтық соғыс кезінде Асад режимінің қарсыластарының бекіністерін бомбалаған. Алеппоны бомбалаған кезде өте көп бейбіт азамат қаза болған. Ресей және Иранның көмегімен Сирия үкіметінің күштері елдің басым бөлігін бақылауда ұстап келеді.
  • Ресей мен Түркия қатысқан атысты тоқтату туралы келісім 2020 жылдан бері күшінде.
XS
SM
MD
LG