АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинді 2025 жылғы 20 қаңтарда Вашингтонда өтетін инаугурациясына шақырды. Дереккөздеріне сүйенген CBS News сайты осылай деп хабарлады.
Олардың сөзіне қарағанда, шақырту қарашаның басында, президент сайлауынан кейін көп ұзамай жіберілген. Оны Си Цзиньпин қабылдады ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
CBS сөйлескен дереккөздердің айтуынша, Трамп командасы инаугурацияға әлем елдерінің басқа да басшыларын шақыруды талқылап жатыр. Мысалы, өзін Дональд Трамптың саяси одақтасы деп бірнеше рет атаған Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан бар. 9 желтоқсанда Орбан Трамппен оның Флоридадағы Мар-а-Лаго резиденциясында кездескен. Бұған дейін екеуі шілде айында да жүздескен.
АҚШ президенттері әдетте инаугурацияға елшілер мен басқа дипломаттарды шақыратын. Мемлекеттік департамент мәліметіне сілтеген CBS News сайтының жазуынша, 1874 жылдан бері мұндай рәсімге бірде-бір шетел басшысы қатыспаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Пекин "Қытайға баж салығын өсіремін" деген Трампты сөктіДональд Трамп бұған дейін алғаш президент болған кезінде Қытаймен сауда соғысын жүргізді.
Биыл 26 қарашада Трамп алдағы инаугурациясынан кейін АҚШ-қа келетін Қытай тауарларына жоғары баж салығы мен қосымша тариф енгізуге ниетті екенін мәлімдеді.
Қытай өкілі Трамптың айтқанына пікір білдіріп, сауда соғысында жеңімпаз болмайды, "одан әлем пайда таппайды" деп мәлімдеді.
Қоқан-лоқы айтылып жатқанда Пекин АҚШ-қа қос мақсатта қолданылатын бірқатар тауарды экспорттауға тыйым салды.
Екі ел арасындағы сауда соғысы 2018 жылдың басында басталған. Трамп сол кезде Қытайдың бірқатар тауарына баж салығын көбейткен. Вашингтон Пекин америкалық өндірушілер позициясын бұзып жатыр деп мәлімдеген. Кейін АҚШ Қытайды технология ұрлады деп айыптады. Қытай билігі соған ұқсас жауап берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Трамп Украинадағы соғысты дереу тоқтатам деді. Бұл мүмкін бе?