Әйелді қорлау, зорлау, өлтіру. Өзбекстанда жиі қайталанатын жағдай қайтсе өзгереді?

Алсу Жасқайратованың иллюстрациясы

Өзбекстанда жарты жылда 20 мыңға жуық әйел үйде зомбылыққа ұшыраған. Бұл деректі 2023 жылдың шілде айында ел президенті Шавкат Мирзияев айтты. Өзбекстанда мұндай статистика ашық дереккөзінен таппайсыз, сондықтан бұл соңғы ресми мәлімет.

Әйелге қатысты көкейкесті мәселе биік мінбелерден айтылып жүрсе де, жағдай оңалмай отыр дейді қоғам белсенділері. Олар отбасындағы әлімжеттік әйелді қоғамның тең құқықты мүшесі ретінде қабылдамайтын патриархал елдегі гендерлік зомбылықтың бір бөлігі екенін айтып отыр.

25 қараша – халықаралық әйелге қатысты зорлық-зомбылықты жою жолындағы күрес күні қарсаңында Азаттықтың Өзбек қызметі – "Озодлик" радиосы елдегі әйел құқығы үшін күресіп жүрген сарапшылармен және қоғам белсенділерімен сөйлесті.

"Күйеуге шықпай қойды", "Дөрекі сөйлесті", "Көзіме шөп салды"

2022 жылғы 1 қазан. Ферғана облысы. 64 жастағы ер адам келінінің басын шауып тастаған. "Дөрекі" жауап бергені ұнамапты.

2023 жылғы 2 қаңтар. Сұрхандария облысы. Ер адам бірге тұрып жатқан 35 жастағы келіншекті "көзіме шөп салғаныңды мойында" деп кінәлап өлтірген.

2024 жылғы 12 маусым. Наманған облысы. Әке-шешесінің атастырған адамына тұрмысқа шықпаған 22 жастағы қызды әкесі, 50 жастағы ер адам буындырып өлтірген.

Бұл – Өзбекстанда кейінгі үш жылда баспасөз бен қоғамға мәлім болған оқиғалардың бір парасы ғана. Ішкі істер министрлігінің мәліметінде мыңдаған зорлық-зомбылық оқиғасы "тұрмыстағы кикілжің" деп қана аталады, құрбан болғандар мен зардап шеккендердің жыныс ерекшелігіне талдау жасалмайды.

Берілген қорғау ордері мен сот үкімдеріне сүйеніп аз-мұз мәлімет алуға болады. Мәселен, 2024 жылдың бірінші тоқсанында Өзбекстанда соттар отбасы мен тұрмыстағы зорлық-зомбылық бабы бойынша 4477 адамды жауапқа тартқан, олардың жартысы әкімшілік қамауға алынса, 51 адам "үйде қайта зомбылық жасағаны немесе әрекетін ауырлататын салдары болғаны үшін" қылмыстық айып тағылып, жазаланған.

Былтыр жеті айда Өзбекстанда былтыр жеті ай ішінде 22 мыңға жуық қорғау ордері берілген. Оны алғандардың бәрі – отбасында әлімжеттік көрген әйелдер.

2022 жылы Ферғана облысында болған оқиға "БҰҰ-әйелдер" зерттеу жобасына енді. Сарапшылар Орталық Азия аймағындағы гендерлік зорлық-зомбылық оқиғаларын дәстүрлі қарым-қатынас тұрғысынан талдаған. "Дәстүрге байлаулы ғұмыр: Өзбекстанда келіндердің үнсіз көретін қорлығы" материалында авторлар "гендерлік зомбылықтың ерекше түрі: келін қорлық көретінін және оларды бақылауда ұстайтынын" айтқан.

Биылғы зерттеуде авторлар: "Тұрмысқа шыққан келін күйеуінің үйіне, ал көп жағдайда ата-енесінің шаңырағына барып тұруы – мәдени дәстүрге жатады. Қыздың жас ғұмырының дені болашақта келін болуға дайындалумен өтеді, бірақ келін рөлі тұрақты емес, егер ол көңілден шықпаса, басқасын ала салу оңай шаруа саналады", – деп жазды.

"Келін бізге бір-ақ жыл дұрыс қызмет қылды"

Ферғаналық Гүлмираның оқиғасы дәл осы қатардан. Қайынатасы оны қатігездікпен өлтірді.

2022 жылғы 1 қазанда 64 жастағы Расулжон асүйге кіріп, келініне дәмді етіп тамақ істеуді бұйырған. Гүлмира: "Барынша тырысамын, не жасасам да, жейсіздер ғой", – деп есікті тарс жапқан.

Расулжонға келіннің жауабы ұнамай қалыпты. Дәстүрлі өзбек отбасында келін бәріне қызмет етіп, ешкімге қарсы сөйлемеуге тиіс, күйеуінің туған-туысы не айтса да, сөзге келместен орындауы керек.

Гүлмира бір отбасының кенжесіне тұрмысқа шыққан-ды. Қылмыстық істе оның екі бала туғаны, жылдар бойы күйеуінен таяқ жеп қана қоймай, ата-енесінен де құқай көргені жазылған.

Расулжон Гүлмираны бір ұрып сұлатқан. Ес-түссіз жатқан келінін көлікке салып алып, ауыл шетіндегі жотаға апарып, басын шауып тастаған. Денесін қоқыс төгетін сайға тастап, басын пакетке салып, жол бойында өсіп тұрған аршаның арасына лақтырып кеткен.

"Келін бізге бір-ақ жыл дұрыс қызмет қылды", – деді Расулжон сотта сөйлеген сөзінде.

Сот оны "қасақана кісі өлтіру" бабы бойынша айыпты деп танып, 13 жылға бас еркіндігінен айырды. Бұл бапта қарастырылған ең ауыр жаза – 15 жыл. Гүлмираның туыстары үкімге келіскен жоқ.

"Әйелдерге зорлық көрсетумен күрес түсқағаз ауыстыруға ұқсайды"

NeMolchi.uz жобасының негізін салушы және жетекшісі Ирина Матвиенко

– Үйдегі әлімжеттік – мәселенің бір қыры ғана. Жағдайдың өзгермейтін себебі, гендерлік зомбылықтың түп-тамыры әлі сол қалпында, – деді әйелдер құқығын қорғайтын белсенді, зорлық-зомбылыққа қарсы "NeMolchi.uz" жобасының негізін салушы Ирина Матвиенко. – Әйелді езгіге салудың бастапқы себебін жоймайынша, жекелеген оқиғалармен күресем деу бекершілік. Бұл – үйіңіздің іргетасы үгітіліп тұрғанда терезе мен түсқағазды ауыстырған іспетті. Сырттай әдемі көрінуі мүмкін, бірақ іргетас сапалы болмаса, сылақ түсіп, қабырға құлап қалады.

Матвиенко Хорезмдегі балалар үйінің тәрбиеленушілеріне жыныстық зорлық көрсетілгені және қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жергілікті шенеуніктерге айып тағылғаны жайлы ақпаратты "NeMolchi.uz" парақшасында жарияланғаннан кейін қоғамда шу болған. Осыдан кейін Матвиенконы өлтіреміз деп қорқытқан.

Өміріне қауіп төнгеннен кейін Ирина Матвиенко осыдан бір жылдан астам уақыт бұрын Өзбекстаннан кетуге мәжбүр болды. Біраз уақыт Тбилисиде тұрып, одан кейін Ұлыбританияға оқуға барып, жуырда ғана Ташкентке оралды.

Матвиенко мемлекет үйдегі әлімжеттікке ғана назар аударып, оны жалпы гендерлік зомбылыққа жатқызады, бар мәселе содан туындап отыр деп есептейді.

– Мемлекеттің бұл мәселемен неліктен айналысқысы келмейтінін түсінемін. Кез келген зорлық-зомбылықтың түп-тамырында билік иесі мен бағыныштының қарым-қатынасынан көрініс табатын езгіге салу, басып-жаншу жатыр. Билік дегенде ер адамның әйелге билік жүргізуі ғана емес, кез келген билік, соның ішінде кез келген елде бар билік иерархиясы да осы қатарда. Мемлекет шынымен де зорлық-зомбылықты, әйелді қорлауды түбірімен жойғысы келсе, бәрін өзінен бастауы керек. Демек, мемлекетте шешім қалай қабылданатынын ой елегінен тағы бір өткізуі керек. Ғасырлар бойы қалыптасқан иерархияны түп тамырымен өзгерту қажет... Ашықтық пен бақылау болғаны маңызды. Ашықтық болса, қоғамның барлық қабатынан бақылау да, мониторинг те болады. Біздің билік мұндайдан өлердей қорқады, сондықтан да мұндай құралды қолға беруге өте құлықсыз, – деді Матвиенко.

Ол мәселені кешенді түрде шешу керек деп біледі. Психологиялық және экономикалық қысым, жұмыс орнындағы харассмент, еңбек қатынасындағы қысым, биліктің кез келген иерархиясындағы озбыр қатынас, оқытушылардың студент қыздарға қысым көрсететіні – бәрі-бәрі назардан тыс қалмауы керек деп есептейді. Соның ішінде жыныстық зорлық пен әйелдерді өлтіру кезек күттірмей шешетін мәселе.

"Барған жеріңе тастай бат"

Дәл қазір Ташкентте гендерлік зорлық-зомбылық мәселесіне арналған NeUyat көрмесі өтіп жатыр. Экспозицияға жас суретшілердің шығармалары қойылған.

Солардың бірі – Шахноза Тошкентбоева. Оның айтуынша, елде дәстүрді берік ұстанатын кей отбасында әлі күнге дейін қыз баланы қатаң бақылауда ұстау керек деп қарайды, оның негізгі міндеті – үйдегі шаруаны оқсатып істеп, сәтімен күйеуге тию деп есептейді.

– "Барған жеріңе тастай бат" деген мәтел соның айғағы. Ізгі ниеттен туған халық "даналығы" әлем әлдеқашан өзгеріп кеткенін аңдамайды. Қызға не де болса іштен тынып, дымыңды шығарма дейтін талап қана өзгермеген. Мұның соңы қайда апарып жығады? – деген сауал қояды суретші бойжеткен.

Көрмеге Шахнозаның бірнеше жұмысы қойылған, соның ішінде біреуі "Дымыңды шығарма" деген мағына береді.

Шахноза Тошкентбоеваның "Дымыңды шығарма" атты суреті.

Жыныстық зорлық көргендер терең эмоциялық және психологиялық соққы алады, көп жағдайда жан жарасы өмір бойы жадында қалады. Суретші Нигина Гайдук осындай күрделі әрі ауыр тақырыппен жұмыс істейді. Нигинаның жұмысы да көрме төрінен орын тапқан.

Гайдук зорлық көрген адам "уақыт уысында" қалып қояды деген тұжырымға баса назар аударған. Ол уақыт қақпаны қатал екенін, жан жарасын дұрыс емдемесе, ол қасіретті күннің елесін қайта-қайта еске салатынын айтты.

Суретші Нигина Гайдуктің "Зорлықтан зорлық туады" инсталляциясы.

"Жан жарасы ешқашан ұмытылмайды, сананың түкпірінде қалып қояды. Адам қанша қаламаса да, оны өмір бойы ұмытпайды, сол сәттен шыға алмайды. Көп жағдайда мұның соңы зорлық көрген адамның өзі де агрессордың ісін қайталауына апарып соғады, ол өз әрекетін болған жағдаймен ақтап алуға тырысады", – деді суретші.

Бұл қақпанның бұғауын үзіп, құрсаудан шығуға бола ма? Бұл сұраққа жауап беру үшін Гайдук "Зорлықтан зорлық туады" инсталляциясын жасапты. Сағат түрінде салынған шығармада сандардың орнына зорлық көріп, оны ұрпақтан ұрпаққа таратқан қыз бала мен әйелдің өмірінің әр кезеңі бейнеленген. Инсталляция жанға жара салған жайт үзілмейтінін және уақыт өте қайталанатынын көрсетіп, мұны бейнелі түрде көрерменнің көз алдына әкеледі.

Анна Иванованың матадан жасалған инсталляциясы Өзбекстандағы фемицидке арналған, онда 2021 жылы кісі қолынан қаза тапқан 179 қыз-келіншекке арналған. Инсталляциядағы 179 мата қуыршақта бейнеленген қыз-келіншектің әрқайсының орны бөлек, алайда бәрі де қайғылы жағдайда көз жұмған.

Анна Иванова мата қуыршақ түрінде жасаған инсталляция.

Аннаның жұмысы статистиканы көрсетіп қана қоймай, көрерменнің ішкі сезімін оятып, фемицид құрбаны болған әйел тағдыры туралы бір сәтке ойлануға ықпал етеді.

"Орынсыз.."

Өзбекстанда 2023 жылдың шілде айында өткен ІІМ алқасында президент Шавкат Мирзияев статистиканы келтіріп, әйелдерге қарсы қылмыстың 40 пайызға жуығын жұмыссыздар жасайды деп айтты. Бұл жиналыс ферғаналық 11 жасар қыздың өлімімен тұспа-тұс келді. Жасөспірімнің денесінде жыныстық зорлық белгілері бары анықталған болатын.

Осы жиналыста кейбір ауылдарда белсенділер институты "тиісті нәтиже бермей отыр" деп сын айтылды. Ал белсенділер болса, билік өкілдерімен қарапайым әріптестік орнатудың өзі оңайға соқпайтынын айтып келеді.

– Бірде ІІМ-ге үйдегі зорлық статистикасын сұрап өтініш жібердік. Ешқандай да жабық ақпарат не мемлекеттік құпияны сұраған жоқпыз, – деді Ирина Матвиенко. – Маған келген ресми жауаптың мазмұны: "Мұндай ақпарат беруді орынсыз деп санаймыз" дегенге саяды. Әйтсе де, министрлікте әйелдер ісі жөніндегі бөлім бар, оның бастығы Умида Абдуллаева. Әйелдерге қорғау ордерін бермей жатса немесе басқа да бір дүмпу тудыратын іс бойынша көмек керек болса, бірден Умидаға хабарлаймыз. Бір жағынан, министрлікпен әріптестік жоқ сияқты. Екінші жағынан, бар секілді. Қалай болғанда да, мұндай бір адаммен байланыстың қаупі жоғары. Күні ертең, мәселен, басқа жұмысқа ауыстырып жіберсе, ары қарай әріптес бола аламыз ба, жоқ па, айта алмаймын.

Белсенділер әйелге зорлық-зомбылық көрсету мәселесі уақытша науқан мен бір сәттік акциямен шешілмейді, бұл арада жедел және жан-жақты әрекет қажет деп айтып келеді. NeUyat көрмесінің авторлары зорлық-зомбылық тұзағын үзу үшін кішкентай қыздардың, қыз-келіншектердің құқығы туралы неғұрлым көп айту керек деп біледі. Сонда ғана өзара құрмет пен теңдікке құрылған әлеуметтік қарым-қатынастың негізі қаланады деп есептейді олар.

"Жыл бойы үн-түнсіз отырады да, мәселе бар екені еске түскенде дереу бір шараларды өткізе қояды. Сосын қайтадан тым-тырыс қалады. Бұл – екіжүзділік", – деді Ирина Матвиенко.

Азаттықтың Өзбек қызметі – "Озодлик" радиосының журналисі Умида Тилляеваның материалынан аударылды.