Оңтүстік Корея президенті бүлік жөніндегі айыпты жоққа шығарды

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель халыққа үндеуінде бүлік жөніндегі айыпты жоққа шығарып, елде әскери жағдай тәртібін енгізу "тексерілген саяси шешім" болды деп мәлімдеді.

Юн Сок Ель "ұлтын қорғап, мемлекет істерін қалыпқа келтіру үшін" үкімет жұмысының құтын қашырған оппозицияға қарсы әскери жағдай жариялауға президент өкілетін пайдаланғанын айтты.

Ол "қызметтен кет" деген талапқа келіспеді, оппозицияны импичмент жариялау мәселесін теріс пайдаланып отыр деп айыптады. "Маған импичмент жарияланса да, тергеу жүргізілсе де, оған адал түрде қарсы тұрамын", – деген президенттің сөзін Yonhap агенттігі жариялады.

Юн Сок Ельдің бұл үндеуіне дейін биліктегі "Халық күші" партиясының жетекшісі Хан Дон Хун президентке импичмент жариялауға дауыс беруге шақырған.

Бірақ биліктегі партия ұстанымына байланысты парламент 7 желтоқсанда Юн Сок Ельге импичмент жариялай алмаған еді. Келесі дауыс беру 14 желтоқсанда өтпек.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Алты сағаттан аспаған әскери режим тәртібі. Оңтүстік Кореяда не болды?

3 желтоқсанда Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ель "ел ішіндегі Солтүстік Кореяның жандайшаптарымен күресу үшін" әскери жағдай тәртібін енгізу туралы жарлық шығарды.

Президент жарлығына сай, елде саяси партиялар қызметіне, ереуілдерге тыйым салынып, цензура енгізілді, әскери трибуналдарға өлім жазасы туралы үкім шығару құқы беріледі деп жарияланды. Тұтқиылдан қабылданған жарлық халыққа төбеден жай түскендей әсер етті. Сеул көшесі наразы адамдарға толды. Президент жарлығын сынға алған парламент мүшелері ғимаратқа әскер басып кірмек болып жатқан сәтте шұғыл отырыс өткізіп, президент жарлығына қарсы дауыс беріп үлгерді.

Бұдан кейін президент, заң талабына сай, парламенттің шешіміне бағынып, алты сағат бұрын қабылдаған жарлығының күшін жоюға мәжбүр болды.

7 желтоқсанда президент телеэфирдегі әрекеті үшін халықтан кешірім сұрады. Президент жарлығында көрсетілген негізгі міндеттерді атқару жүктелген лауазымды шенеуніктер, арасында қорғаныс министрі Ким Ен Хен де бар (кейін ол тұтқындалды), қызметінен кетті. Бүлік бойынша істі тергеу басталды.

9 желтоқсанда президентке Оңтүстік Кореядан шығуына тыйым салынды. Мұндай шектеу елде әскери жағдай енгізу туралы жарлықтан кейін қозғалған бүлік жөніндегі істі тергеуге байланысты қолданылып отыр деп хабарланды. Бұған қоса, президент Юн Сок Ельге мемлекетке опасыздық жасау және билікті теріс пайдалану деген баптар бойынша айып тағылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мұнда революция басталып кетсе қайтеміз деген ойыма келмепті". Сеулдегі Орталық Азия мигранттарының әңгімесі