"Бұл ғылыми мәселе емес". Орталық Азия елдері латын қарпіне қалай және неге өтіп (өтпей) жатыр?

Бішкек орталығындағы атауы қырғыз тілінде латын қарпімен жазылған ғимарат.

Латын қарпіне көшу – бір кезде Совет одағының құрамында болған түркі тілдес елдердің күн тәртібінен тәуелсіздік алған сәттен бері түспей келе жатқан тақырып. Қайсыбір елдер қарқынды реформа жасап үлгерсе, енді бірінде қаріп ауыстыру баяу жүріп жатыр. Бұл жағынан Қырғызстан ешкімге ұқсамайды, елде қаріп ауыстыру мәселесі талқыланбайды. Азаттық Қырғыз Республикасымен көрші елдерде қаріп ауыстыру қалай жүргенін немесе жүріп жатқанын және қырғыз қоғамында бұл мәселе неге аса өзекті емес екенін зерттеп көрді.

Бішкектегі Абдрахманов көшесінде қырғыз тілінде, бірақ латын қарпімен жазылған әйгілі жазу бар. Қырғызстанда бір кездері латын қарпі қолданыста болғанын айғақтайтын жалғыз материалдық ескертпе осы ғана сияқты. Бұл жазу алғашқы қалпында сақталып қалған, құдды қырғыз тілінде бір кездері бұйрық бергеннен басқаша да жазуға болады деген ескертпе іспетті.

Түркі тілдес (қырғыз тілі де осы топта) елдерде кейінгі уақытта қаріп ауыстыру қайтадан күн тәртібіне шықты. Қыркүйектің аяғына қарай Әзербайжан астанасы Бакуде Түркі тілдес мемлекеттер ұйымы (оған Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан кіреді – ред.) аясында өткен арнаулы конференцияда лингвист ғалымдар латын қарпіне негізделген жалпытүркі қарпін қабылдады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ортақ түркі әліпбиі: қиял ма, қажеттік пе?

Таяу арада Бакуде осы тақырыпта тағы бір ғылыми іс-шара өтпекші. Жиын өтетін орын ретінде Бакуді таңдау кездейсоқ емес. Осыдан 100 жылдай уақыт бұрын, 1926 жылы бірінші түркі съезі Бакуде өткен болатын. Жиынға қатысушылар сол күнге дейін пайдаланылып келген араб жазуынан "ескіліктің" көзі деп бас тартып, түркі тілдерінің барлығы латын қарпіне көшіру туралы шешім қабылдаған.

Бірақ бұл ұзаққа барған жоқ. Он жылдан кейін совет өкіметі латын қарпінен бас тартып, барлығын кирилл қарпіне көшірді. 1940 жылдарға қарай Қырғыз ССР-інде кирилл қарпіне өту ресми түрде аяқталды.

Одақ құлағаннан кейін бұл мәселе қайта көтерілді: бұрынғы одақ құрамындағы түркі республикаларының барлығы дерлік (олардың жалпы саны бесеу, Тәжікстан мен Әзербайжаннан басқа Орталық Азия елдері) латын қарпіне көшу мәселесін қайтадан көтере бастады. Әйтсе де, әр елдің жеткен табысы әртүрлі.

Қазіргі сәтке Түркіменстан мен Әзербайжан толық көшіп болды.

"Әліпби мәселесінде ешқандай қиындық жоқ"

Өзбекстанда латын қарпіне көшу 1993 жылы басталды. Бастапқы жоспар бойынша жеті жылда аяқталуы керек еді, бірақ олай болмады. 2023 жылдың қаңтар айында Өзбекстанда ресми құжаттар мен бұқаралық ақпарат құралдарын латын қарпіне біржола көшіріп біту туралы қаулы күшіне енді.

Бұл құжат күшіне енгенге дейін, 2021 жылы қазір Ұлыбританияда тұратын тәуелсіз өзбек зерттеушісі Әлішер Илхамов "Өзбек тілін латын қарпіне жеделдетіп көшірудің Өзбекстан халқына салдары" деген мақала жариялады. Илхамов қазір де қаріп ауыстыруға сыни тұрғыдан қарайды. Оның ойынша, қаріп ауыстыру Өзбекстан қоғамының интеллектуалдық бөлінісіне алып келген: аға буын әлі де кирилл қарпімен оқып-жаза алатын болса, мектепте тек латын қарпімен оқыған жастар мұндайдан мақұрым.

Әлішер Илхамов

"Латын қарпіне өту идеологиялық қысымнан бастау алды. Латын қарпіне өту ұлт тілдерінің дамуына жол ашады деген қате көзқарас болды. Алайда латын қарпі деген – белгілер жүйесі ғана. Мұндай қате көзқарасты мәдени қауымдастық өкілдері тықпалады: латын қарпімен кей дыбыстарды дәлме-дәл беруге болады десті. Алайда, ол белгілердің мәні келісімге байланысты екенін ескермеді. Егер қандай да бір дыбыстың қалай айтылатынын келіссек, ол солай болар еді. Латын қарпін мектептер мен университеттерде енгізген уақытта халықтың айтарлықтай бөлігі латын қарпін игергенімен, оның алдындағы жетпіс жылда жинақталған білімді ала алмады, яғни жас буын ол білімнен сырт қалды", – деді Илхамов.

Бұл пікірге қазақстандық түрколог, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек келіспейді. Ол Өзбекстандағы 1990-жылдардағы латын қарпіне өту сынағы саяси себепке орай жүзеге аспай қалды, ал қазір бұл елдің жағдайы бөлек деп есептейді.

"Өзбекстанда әліпбидің алғашқы нұсқасын жоғарыдан ұсынды. Әлбетте, қолайсыз болғаннан кейін халық қолдай қойған жоқ. Ғалымдар да қарсы болды. Ұзақ уақыт бойы кирилл және латын қаріптері қатар жүрді. Әйткенмен, [президент Шавкат] Мирзияев келді де, ғалымдарды жинап, бәрін солардың еркіне қалдырды. Сөйтіп өзбектер дұрыс қаріпті қабылдады. Бір-екі әрпі талас тудырса да, жалпы алғанда дұрыс әліпби".

Алматыдағы мемлекеттік орталық музей алдындағы жазу. Азаттық архивіндегі фото.

Қажыбектің ойынша, латын қарпін енгізу мәселесі қай-қай елде де ғылыммен байланысты емес.

"Кәсіби лингвистер арасында ешқандай талас-тартыс жоқ. Әліпби мәселесінде ешқандай қиындық жоқ. Өйткені дыбыстар жиынтығы баршаға түсінікті және оны латын қарпіндегі мәндесімен ауыстыру ғылыми мәселе емес. Ол туралы айтылса немесе талас-тартыс туып жатса, не саясат, не біліксіздік. Мысалы, Өзбекстанда қиындықтар болды, ал Қазақстан сегіз жылдан бері өте алмай отыр. Әрі оның ғылымға ешқандай қатысы жоқ", – деді ғалым.

Әліпбиге мәжбүрлік жоқ

Қазақстанда латын қарпіне өту ресми түрде 2017 жылы басталды. Ол уақытта елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған. 2025 жылға қарай іс қағаздары мен кітап басу ісі толықтай латын қарпіне көшеді деп жоспарланды.

Латын әліпбиінің "соңғы нұсқасы" (31 қаңтар, 2023 ж.)

Your browser doesn’t support HTML5

Латын әліпбиінің "соңғы нұсқасы" жарияланды. Лингвистер оны да сынады

Профессор Ерден Қажыбек 2017 жылы латын қарпіне көшу жөніндегі комиссияны басқарды. Оның айтуынша, әліпби жасау барысы ашық жүрмеген.

"Ұсынылған нұсқаның барлығы да жоғарыдан келді. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайтын болып шықты. Әліпби жөніндегі комиссияның төрағасы әрі тіл білімі институтының директоры бола тұра, мұның бәрін кім жасағанын мен де білген жоқпын", – дейді ғалым.

Қажыбектің айтуына қарағанда, құрылғанына 4-5 ай болғанда, 2017 жылдың тамыз айында комиссия президент әкімшілігіне ғылыми тұрғыда дұрыс деп санайтын әліпби нұсқасын ұсынған. Ұсыныс қабылданбаған, ал комиссия мүшелерін "тапсырманы орындамады" деп тапқан.

"Содан бері ешқандай комиссия жоқ. Алайда, соған қарамастан, осыдан кейін де бірнеше жылда ғалымдар тобы жоғарыдан президенттің айбынды да құдіретті жарлығы және парламенттің қаулысы түрінде түскен бірнеше нұсқаны қабылдауға жол бермеді", – деді Қажыбек.

2019 жылы Назарбаев президент лауазымынан кеткеннен кейін жоғарғы жақта латын қарпіне көшу барысында есепке алынбаған жайттар жайлы айтыла бастады. Жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаев билік қаріп ауыстыруды жеделдетіп аяқтау үшін көптеген "өрескел қатеге" жол бергенін мәлімдеп, "ойластырып барып шешім қабылдауға" шақырды.

Қазақстан реформаны аяқтаудың жаңа мерзімін белгіледі. Латын қарпіне негізделген әліпби бірнеше рет өзгергеннен кейін, 2021 жылдың басында Қазақстан билігі жаңа жазуға көшу 2031 жылға дейін жалғасатынын хабарлады. Азаттық қазақ тілінің латын қарпіне көшуіне қатысы бар біраз ғалымға хабарласқанымен, олар пікір айтудан тартынды.

2021 жылы Қазақстан үкіметі ұсынған латын қарпі.

Аса сақ Қырғызстан

Қырғызстанда да басқа көршілері секілді қаріп ауыстыру мәселесі тәуелсіздікті жариялай салысымен талқыға түсті. Филология ғылымдарының докторы Қадыралы Қоңқобаев 1990-жылдардың басында қызу пікірталас болғанымен, тез басылғанын айтты.

"1994-1995 жылдарға, орыс тілі ресми тіл болып бекігенге дейін (1995 жылы президент орыс тіліне ресми тіл мәртебесін беру туралы ұсыныс тастап, заң 2000 жылы қабылданды – ред.) талпыныстар болған. Жогорку Кеңеште қызу пікірталас жүріп жататын. Ал орыс тіліне ресми мәртебе бергеннен кейін ондай талқының бәрі тыйылды", – деді ғалым.

Әйтсе де, Қоңқобаев Қырғызстан тіл реформасын қолға алуға тиіс деп санайды:

"Біріншіден, қырғыз тілінің мемлекеттік тіл ретінде дамуына жаңа тыныс болады. Сонымен бірге әдеби тілді тұрақты дамытуға, қырғыз тілінің тазалығын сақтауға және жазба тілдің ережесін бекітуге жол ашады".

2024 жылдың қыркүйек айында қабылданған жалпытүркі әліпбиі (ұлғайту үшін басыңыз)

Жалпы, Қырғызстанның ғылыми ортасы латын қарпіне көшу мәселесіне аса сақтықпен қарайды, талқылауды академиялық ортадан тысқары шығармауға тырысады. Десе де, Қоңқобаев сияқты қаріп ауыстыруды қолдайтындар да бар.

Латын қарпіне өтуді қолдайтын ғалымдар тағы бір дәйек ретінде әлемдегі ақпараттың 70 пайызы латын қарпінде екенін алға тартады. Бұған қоса, қаріп ауыстыру қырғыздарды басқа түркі халықтарымен жақындастыра түседі деп санайды.

Мұндай пікірге қырғыз журналисі Миржан Балыбаев та ішінара келіседі, ол латын қарпіне көшу түркі тілдес елдер арасындағы қарым-қатынас құралы болуы ықтимал деп санайды. Әйтсе де, толықтай көшуге қажеттілік жоқ деп есептейді, өйткені ол бірқатар ішкі жағдайды қиындатуы мүмкін:

"Біз қазір таңдау алдында тұрмыз деп ойлаймын. Шешім қабылдамас бұрын латын қарпіне көшіп үлгерген түркі тілдес елдердің, яғни Өзбекстан, Түркіменстан мен Әзербайжанның тәжірибесін есепке алу керек. Түркіменстаннан ақпарат аз, ал Өзбекстанның тәжірибесі жоғарыдан келген пәрменнің күшімен көшуге болмайтынын көрсетеді. Бакудегі конференцияда түркі тілдес елдер бірыңғай әліпбиді қабылдады. Осы әліпбиді түркіаралық қарым-қатынаста пайдалануға, жоғары оқу орындарында оқытуға, әліпбидің негізін үйретуге болады. Бұл қаріпке кез болған адам сол қаріппен жаза алуы және оны оқи алуы керек. Таяу арада осыдан бастауға болады. Бірақ ешкімді міндеттеудің қажеті жоқ. Біздегі ақпараттың көп бөлігі, кітапхана қоры кирилл қарпінде. Мұнымен санаспауға болмайды. Міндетті түрде латын қарпіне көшу керек дейтіндер бұл Еуропамен, Батыстың ақпарат кеңістігімен араласуды жеделдетеді деп санайды. Алайда о бастан латын қарпімен жазатын, бірақ араласып кете алмаған елдер де көп екенін естен шығармаған керек".

Қырғыз тілін үйренуге арналған "Эл сөздүк" жобасының негізін қалаушы Чоробек Сааданбеков те тез арада көшудің қажеті жоқ, себебі Қырғызстан латын қарпін жаппай енгізе алмайды деп есептейді. Оның ойынша, басқа да жолдарын қарастырған жөн.

"Оны пайдалануға болады, бірақ толықтай қаріп өзгертуге қыруар ақша, көп жылға созылатын жүйелі жұмыс керек. Бізде оның бірі де жоқ. Десе де, латын қарпін неге кирилл қарпімен қатар жүретіндей етіп енгізбеске?! Латын қарпі бізге бөтен емес. Қырғыз тілінде бұл қаріпті пайдаланып көрдік. Бәлки латын қарпімен жазу жеңіл болуы да. Ендеше, неге қатар енгізуге болмайды? Сөйтіп бірнеше жылда өтіп болатын шығармыз", – деді Чоробек Сааданбеков.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түркі елдері ортақ латын әліпбиін енгізбек, бірақ оған Қырғызстан әлі дайын емес. Неге?

Тарихшы Нәзікбек Қыдырмышев (Элери Битикчи) ортақ әліпби түркі халықтарын жақындастыратын негізгі фактор деген түсінікті мүлдем "миф" деп санайды.

"Соның ішінде латын жақындастырады деу артық. Латын қарпін қазір бәрі біледі, қай қаріп қандай дыбыс беретінін көріп алуға болады. Бұл саяси немесе басқа да фактор болуы мүмкін. Алайда, түркі халықтарын әліпби емес, мәдени ынтымақ, ортақ түбірімізді іздеу жақындастырады", – деп есептейді Қыдырмышев.

Қырғызстанның саяси алаңында жоққа тән тақырып екеніне қарамастан, ойламаған жерден латын қарпіне көшу ықтималдығы туралы пікірталасты Ресейдің Қырғыз Республикасындағы елшісі Сергей Вакунов бастады. Жуырда дипломат бұл мәселеге "аса сақтықпен қарау қажет, әріптердің жазылуы ғана емес, уақыт өте келе бүкіл мәдениет өзгеруі мүмкін екенін түсіну керек" деп мәлімдеді.

"Ең бастысы, бірнеше жүз жыл бойы жалғасып келе жатқан бөлігін жоғалтып алуымыз мүмкін", – дей келе, елші "Ресей сыртқы істер министрлігінің ұстанымы Қырғызстан президентінің қазір латынға көшу мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ деген мәлімдемесімен сәйкес келетінін" атап өтті.

Қырғыз елінің президенті Садыр Жапаров бұл тақырыпқа байланысты ойын 2023 жылы білдірген. Президент Мемлекеттік тіл жөніндегі ұлттық комиссия басшысы Қаныбек Осмонәлиевке қатаң сөгіс берген. Бұл мәселеге орай жарияланған ресми баспасөз мәлімдемесінде Жапаровтың сөзі де болды. Ел басшысы "кирилл қарпімен мемлекеттік тілді тиісті, сауатты деңгейде меңгеруге қол жеткізбей тұрып, латын қарпіне өту туралы сөз болмауы керек" деп мәлімдеді.

Османәлиев парламентте "Мемлекеттік тіл туралы" заңды талқылау кезінде айтқан пікірі үшін жазықты болды. 2023 жылғы 19 сәуірде шенеунік "депутаттар мен президент саяси шешім қабылдаса, ғалымдар мен қоғам латын қарпіне көшуге дайын" екенін айтқан еді.

Биыл наурыз айында Осмонәлиев Ұлттық комиссия басшысы қызметінен кетті. Қазір ол қаріп ауыстыру туралы пікір білдірмеуге тырысады, мұны "саяси мәселе" санайды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің журналисі Болот Колбаевтың мақаласынан аударылды.