Сирияны ширек ғасырға жуық билеп-төстеген Башар Асадтың режимі құлап, өзі Ресейге қашып кеткеннен кейін басшысыз қалған елдегі уақытша үкіметті Мұхаммед әл-Башир басқармақ. Бұл жөнінде сейсенбі, 10 желтоқсан күні телеүндеуінде әл-Баширдің өзі мәлімдеді. Ол уақытша үкіметті кемінде 2025 жылғы 1 наурызға дейін басқаратынын айтты.
Әл-Башир үкімет басшылығына келмек деген жаңалықты осының қарсаңында Al Jazeera таратқан еді деп хабарлады "Настоящее время" арнасы.
Қарашаның аяғында Асадқа қарсы күштер жұмыла тұтқиылдан шабуылға шығып, екі аптаға жетер-жетпес уақыт ішінде Сирияда билікте отырған режимді орнынан тайдырып жеңіске жеткенге дейін, Мұхаммед әл-Башир көтерілісшілердің "Сирияны құтқару үкіметін" басқарған. Бұл құрылым Сирияның солтүстік-батысындағы аудандарды, соның ішінде Идлиб провинциясын да бақылауда ұстаған.
Мұхаммед әл-Баширді АҚШ пен өзге де мемлекеттер террористік деп таныған "Хайят Тахрир әш-Шам" (ХТШ) тобының жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жоланидің жақын серігі деп атайды. Сирия туралы хабарламаларда "ХТШ" Асадқа қарсы көтерілісті бастаған күш ретінде аталады.
Сирияда Башар Асадтың үкіметіне қарсы қарулы топтар 27 қарашадан бастап белсенді іс-қимылға көше бастаған. Олар шапшаң жылжи отырып, бірер күннің ішінде елдегі бірқатар ірі қаланы алды. Жексенбі, 8 желтоқсанға қараған түні көтерілісшілер Сирияның астанасы Дамаск қаласын өзіне қаратқаны туралы мәлімдеме жасады. Сириядан қашқан президент Башар Асадты Ресей паналатты. Көтерілісшілер жетекшілері жаңа үкіметті халық өзі сайлайды деп уәде беріп отыр.
- 2011 жылдан бастап Сирияда азамат соғысы жалғасып жатыр. Ресей Сириядағы азамат соғысына 2015 жылдан бастап президент Асадтың жағында араласа бастаған. Ресей әскери ұшақтары көтерілісшілерге әуеден шабуылдап, қанға бөктірген. Бұған қоса Ресей күштері құрлықтағы оперцияларға қатысқан, ондай іс-қимылдарға "Вагнер" жекеменшік әскери тобының жалдамалы сарбаздарын да салған.