Дамаскіні және Сирияның басқа да ірі қалаларын бақылауына алған көтерілісшілер 9 желтоқсанда түрмелердегі тұтқындарды, соның ішінде президент Башар Асад режимінің бәсекелестері отырған Дамаскідегі атышулы ең үлкен "Седная" түрмесінде қамауда отырған адамдарды босатты. Олардың көбі көп жыл қапаста отырған. Бұл түрмеде адамдар азапталғаны туралы жиі айтылатын. Amnesty International құқық қорғау қозғалысы ол жерді "қасапхана" деп сипаттаған. Түрмеден жасырын орындарды да іздеп жатыр, онда да тұтқындар болуы мүмкін. Көтерілісшілер кей камераны аша алмай, есіктерді бұзып ашуға шойбалға мен домкрат қолданды.
Қамаудан босап шыққандар арасында, құжатқа сәйкес, өлім жазасына кесілген я хабар-ошарсыз кеткен адамдар, сондай-ақ түрмеде дүниеге келген балалар бар деп хабарлады Associated Press агенттігі. Сирия азаматтарының көбі бұрын Асадтың арнайы қызметі ұрлап әкеткен жақындарын түрмелерден іздеп табуға үміттеніп келіп жатыр. Олардың арасында 12 жыл бұрын Сирияда түрмеге қамалып, хабарсыз кеткен америкалық журналист Остин Тайс те болуы мүмкін. АҚШ үкіметі Тайсты тауып, оны үйіне қайтаруға жәрдемдесетін ақпаратқа 1 миллион доллар сыйақы төлейтінін мәлімдеген.
Сирия қалаларындағы көшелерде жағдай тыныш, ақпарат құралдары жергілікті деңгейдегі тәртіпсіздік болған бірнеше жайт туралы хабарлады. Алайда қалаларда адамдар нан мен басқа да өнім алуға кезекке тұрып жатыр, өйткені дүкендердің көбі дүрбелең кезінде жабылып қалған. Сирияның орталық банкі бөлімшелері, сондай-ақ коммерциялық банк бөлімшелері сейсенбі, 10 желтоқсаннан бастап әдеттегі жұмысын жалғастырады деп хабарлады.
9 желтоқсанда Сирияның Түркиямен және Ливанмен шекарасында отанына оралуды ұйғарған шетелдегі Сирия босқындарының кезегі пайда болды. Тәртіпсіздіктерден қауіптеніп, Сириядан кетіп жатқандар да бар, бірақ олардың саны әзірге көп емес, Ливан ішкі істер министрлігінің басшысы Бассам Мавлави шекараны заңсыз кесіп өткізбес үшін жедел шара қабылдауды талап етті.
Асадқа қарсы көтерілісте жетекші рөл атқаратын исламшыл "Хайат Тахрир әш-Шам" (ХТШ) тобы 9 желтоқсанда бірқатар мәлімдеме жасады. Олар Асадтың үкімет армиясына шақырылған мерзімді қызметтегі сарбаздарға рақымшылық жариялап, қудаламауға уәде берді. Асад әскеріне өз еркімен қосылғандар рақымшылық алмайды.
Көтерілісшілер Сирия әйелдері өзі қалаған киім киіп, көңіліне жаққан іспен айналыса алады деп айтты.
Сирияның қазіргі премьер-министрі Мұхаммед Ғази әл-Жалали жаңа үкімет құрылса, басқаруды соған өткізіп беруге дайын екенін мәлімдеді. Бұған дейін көтерілісшілер одан және министрлер кабинетінен өтпелі үкімет құрылғанға дейін бұрынғы қызмет міндетін атқара беруін сұраған.
Жексенбі күні кешке Мәскеудегі Сирия елшілігі Асад кезіндегі мемлекеттік туды түсіріп, ертесіне көтерілісшілер ұстап жүрген жаңа туды көтерді.
Әлем елдері Башар Асад режимі құлағанын құптап, жағдай тұрақтанар деп үміт білдірді.
Саясаткерлердің кейбірі аймақтағы радикал исламшыл қозғалыстар жанданып кете ме деп алаңдап отыр. CNN-нің АҚШ үкіметіндегі дереккөзі ХТШ-ның едәуір бөлігі "Әл-Қаида" және "Ислам мемлекеті" сияқты террористік деп танылған радикал исламшыл топтармен байланысады деген алаңдаушылық барын айтқан.
Бұған дейін АҚШ, Түркия, Ресей ХТШ-ны террористік деп таныған. 2018 жылы АҚШ осы топтың жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жуланиді ұстауға көмектескенге 10 миллион доллар сыйақы белгілеген. Әл-Жулани CNN-ге берген сұхбатында ХТШ-ға террористік деп анықтама беруге келіспеді, кейбір радикал исламшыл тәжірибеге байланысты ХТШ көптеген жиһад топты қолдауды тоқтатты деп мәлімдеді.
АҚШ қорғаныс министрі Ллойд Остин "Ислам мемлекеті" және басқа радикал топтар Сириядағы саяси жағдайды пайдаланып, аймақтағы ықпалын күшейтуге тырысуы мүмкін деп мәлімдеді.
BBC, Reuters, CNN, Associated Press және "Әл-Жазира" материалдары бойынша жазылды.
Your browser doesn’t support HTML5