Ресей 2024 жылы Еуропа одағы енгізген эмбаргоға қарамастан, көрші елдер арқылы Батыс компаниялары шығарған мыңдаған мерген мылтық пен миллиондаған оқ алып отыр. The Insider басылымының Чехиядағы Investigace.cz, Италиядағы IrpiMedia мен Қазақстандағы "Власть" сайтының бірлескен зерттеуі осыған айғақ келтіреді.
Журналистер Еуроодақ, АҚШ және Түркия компаниялары кейінгі жылдары Арменияға, Грузияға, Қазақстанға, Қырғызстанға және Өзбекстанға қару-жарақ жеткізуді арттырғанын анықтаған. Бұл елдерге жыл сайын ондаған мың қару тасымалданады.
"Арменияға, Грузияға, Қазақстанға және Қырғызстанға экспорт көлемі үш жылда екі жарым есе өскен: 2020 жылы 19 556 ұңғы жеткізілсе, 2023 жылы 53 211-ге жетті", – дейді зерттеу авторлары.
Зерттеуге сәйкес, Италиядан Арменияға мылтық пен қару экспорты төрт жылда шамамен 30 есе артқан, 2019 жылы 68 қару алынса, 2023 жылы 1862-ге жеткен. Қырғызстан 2020 және 2021 жылдары Италиядан қару сатып алмаған, 2022 жылы 882 қару данасын алған, 2023 жылы оның саны 4434-ке жеткен. Түркиядан Грузияға да қару-жарақ экспорты артқан, 2019 жылы 8426 дана алынған, 2023 жылы 18 843 данаға дейін өскен.
Люксембургтегі Beretta холдингі Ресеймен байланысы бар Еуропадағы ең ірі қару-жарақ шығаратын компания болып шықты. 2024 жылғы маусымда Beretta-ның ресейлік импорттаушысы АҚШ қаржы министрлігінің санкция тізіміне енді. Beretta холдингі санкцияға қарамастан, Ресей компаниясының мажоритар иесі болып отыр.
The Insider мәліметінше, Ресейдің азаматтық және әскери саладағы мергендер Ресейде емес, Батыстан шыққан мылтықтар мен оқтар қолданып отыр. Мұны былтыр қыркүйекте аннексияланған Қырымдағы Ангар полигонында өткен мергендер жарысының құжаттары растайды.