Сирияда үкіметке қарсы қарулы топтар ел астанасы Дамаскіге кірді. Президент Башар Асад елден қашты деп хабарлады айналасындағы адамдар. Қазір оның қайда екені белгісіз.
Сирияда үкіметке қарсы топтар ел астанасы Дамаскіге кірді деп жазды жексенбіге қараған түні ақпарат құралдары. Жергілікті тұрғындар AFP агенттігіне қалада қатты жарылыс естілгенін хабарлаған.
Асад режиміне қарсы қарулы топтар жергілікті телеарнадан мәлімдеме жасап, Дамаскіні "азат еткенін" және президент Башар Асад үкіметін құлатқанын мәлімдеген.
БАШАР АСАД ҚАЙДА?
Президент Башар Асад Дамаскіден елден кетті, қайда екені белгісіз деп хабарлады Сирия әскерінің жоғары лауазымды екі офицері Reuters агенттігіне. Ақпаратты дереккөздерге сүйенген CNN мен сириялық адам құқығы жөніндегі бақылау орталығы да растаған. Орталық жетекшісі Абдель Рахман Асад Дамаск әуежайынан ұшып кеткенін айтқан.
Reuters-дің жазуынша, Дамаск әуежайынан ең соңғы ұшып шыққан Syrian Air әуе компаниясына тиесілі Ил-76 ұшағы Тартус жаққа қарай бағыт алып, Хомс маңынан өткенде қайта бұрылып, күрт құлдилап, бірнеше минуттан соң радардан жоғалған. Reuters-тің жазуынша, ұшақта Башар Асад болған болуы мүмкін.
Асад үкіметінің жетекшісі Мұхаммад Қазы әл-Жәлел түнде Fаcebоok-тан видео таратып, "Сирия халқы таңдаған кез келген басшылықпен әріптестік орнатуға және билікті бейбіт тапсыруға дайын екенін" мәлімдеді.
“Сирия көрші және әлем елдерімен жақсы қарым-қатынас орнататын қалыпты ел бола алады. Бұл Сирия халқы таңдаған басшылыққа байланысты болады. Біз келген билікпен әріптестік орнатуға дайынбыз” деді премьер-министр.
Сирия әскерінің қолбасшылары офицерлерге "президент Асадтың билігі аяқталды" деп ескерткен деп жазды дереккөздерге сүйенген Reuters.
Дегенмен агенттіктің жазуынша, жексенбі күні таңертең Сирия әскері Хама, Хомс және Даръа елді мекендерінде ереуілшілерге қарсы соғысып жатқанын мәлімдеген. Сирия әскері елдегі оқиғаны "ауқымды астыртын әрекет" деп атап, азаматтарды Сирияның тұрақтылығы мен егемендігін қорғауда сақтық танытуға шақырған.
Куәгерлердің сөзіне сүйенген ақпарат агенттіктері Дамаск орталығында толқу басталғанын жазды. Көшеде тұрғындардың бірі қол шапалақтаса, кейбірі құлшылық жасай бастаған. Әлеуметтік желіде кейбір тұрғындардың танкіге шығып алып, ән айтып жатқаны көрінетін видеолар тарады.
Жиһадшылар Дамаск түбіндегі Сейіт-Найя түрмесінен мыңнан астам тұтқынды босатқанын хабарлаған. 2011 жылы азаматтық соғыс басталғалы бері бұл түрмеде тұтқындарды жаппай азаптаған, дарға асқан, онда он мыңдаған тұтқын қаза болған деп жазды сириялық адам құқығы жөніндегі бақылау орталығы.
Жексенбіге қараған түні үкіметке қарсы күштер Сирияның солтүстігіндегі Хомс қаласын толық бақылауға алды деп жазды ереуілшілер альянсының мәлімдемесіне сүйенген ақпарат агенттіктері. AFP-дің жазуынша, бұл азаматтық соғыста шешуші рөл атқаруы мүмкін.
Сириядағы ереуілшілер кімдер?
Сириядағы шабуылға "Хайат Тахрир аш-Шам" қарулы тобы жетекшілік жасап жатыр. Бұл Асад режимімен күресіп жатқан сүннит жиһадшылар топтарының коалициясы. Аталған топты БҰҰ, АҚШ, Түркия және өзге елдер "террористік ұйым" деп таныған.
Сириядағы қақтығыстарға көп жылдан бері қатысып келе жатқан ұйым 2011 жылы "Жебхат ән-Нусра" деген атпен "Әл-Қаида" террористік ұйымының бір бөлімі ретінде құрылған.
ДАИШ тобының ("Ислам мемлекеті") жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади да оның құрылуына атсалысқан деп айтылады. Қарулы топ президент Башар Асад режиміне қарсы қатты қарсыласқан әрі онымен ең тиімді күрескен топ саналады.
Сарапшылар дегенмен де топ революциядан гөрі жиһад идеологиясына көбірек берілгенін және бұл көтерілісшілер коалициясының "Еркін Сирия" ұранына қайшы келетінін айтады.
2016 жылы топтың жетекшісі Әбу Мұхаммед әл-Жулани "Жебхат ән-Нусраны" таратып, жария түрде "Әл-Қаидамен" "ат құйрығын шорт кесіскен". Ізінше "Хайат Тахрир әш-Шам" деген атпен қайта құрылып, өзге топтармен біріккен.
Біраз уақыттан бері "Хайат Тахрир әш-Шам" елдің солтүстік-батысындағы Идлиб провинциясында шоғырланып келді. Бұл аумақ топтың де-факто жергілікті әкімшілігі саналады. "Әл-Қаидадан" қол үзгелі бері оны мақсаты біраз "тарылып", Сирияда фундаменталистік діни бағыт ұстанатын билікті орнатуға күш салып келеді.
Сирияда ресейлік әскери базалар шоғырланған. Ресей әскері азаматтық соғыс кезінде Асад режиміне болысқан. Башар Асад режимі халықаралық аренада Кремльге ең жақын одақтастарының бірі болған. Ресей билігі Сириядағы оқиғаларға түсініктеме бермеді. Соғысты зерттеу институтының хабарлауынша, Мәскеу әзірге базаны эвакуациялауды бастамаған. "Сириялық ереуілшілер Асад режимі бақылауында болған аумақтарды тез басып алып жатқан шақта Ресей өзінің кемелерін порттарда қалдыра ма, жоқ па, белгісіз" деп жазды институт өкілдері.
АҚШ мемлекеттік департаменті Азат Еуропа/Азаттыққа 7 желтоқсанда кешке Вашингтон Сириядағы жағдайды мұқият бақылап отыр деп мәлімдеген. Департаменттің ресми өкілінің айтуынша, АҚШ пен оның одақтастары бейбіт азаматтардың, олардың арасында азшылық өкілдері де бар, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.
- Қарулы топтар қараша соңында үкімет әскеріне қарсы шабуыл бастаған. Бірнеше күн ішінде жиһадшылар Алеппо, Хама мен Дейр-эз-Зор қалаларын бақылауға алып үлгерген. Үкіметке қарсы топтардың Дара провинциясының едәуір бөлігін басып алғаны хабарланды. Енді олар бақылауға алған аумақ қатарына Хомс та енді деген ақпарат бар.
- Сирияда азаматтық соғыс 2011 жылдан бері жүріп келеді. Алеппо 2016 жылға дейін ереуілшілердің маңызды бекінісі болған, бірақ Ресей әскері Асад режиміне көмектескеннен кейін жиһадшылар ол жерден кеткен.
ПІКІРЛЕР