Владимир Путин Ресейді қайтадан әлемдік державаға айналдыруға осыдан ширек ғасыр бұрын, постсоветтік мемлекетте билік басына келген соң кіріскен. 15 жылдан кейін Мәскеу Сириядағы азамат соғысына араласатынын мәлімдеді. Осылайша Ресей әлемдік деңгейде өзгелер онымен санасуға тиіс күш екенін көрсетпек болды.
Мәскеу осынау имиджін өзін Батысқа балама күш ретінде көрсетіп, Таяу Шығысқа және одан тысқары аймақтарға ықпалын кеңейту үшін қолданды. 2024 жылғы 8 желтоқсанда осы кезге дейін Мәскеудің Таяу Шығыстағы негізгі одақтасы болып келген Башар Асадтың режимінің құлауы ұлы держава болуды көксеген Ресейге ауыр соққы болып тиді.
"Путиннің Сириядағы әскери авантюрасы Ресейді өз ықпалын шетелде де жүргізе алатын ұлы держава етіп көрсету мақсатын көздеген еді, – деді Таяу Шығыс жөніндегі сарапшы Филип Смит. – Сириядан айырылу — Путинге үлкен соққы болып тиді".
Ол Асадтың биліктен тайдырылуы Ресей үшін беделіне келген нұқсан ғана емес, сонымен бірге кәдімгідей стратегиялық сәтсіздік болған тәрізді деп есептейді. Сирияда Ресейдің екі ірі әскери нысаны: Хмеймимде әуе базасы және Тартуста әскери-теңіз базасы орналасқан. Тартустағы нысан Ресейге Жерорта теңізіне шығуға мүмкіндік беретін әскери-теңіз базасы еді.
"Ресей Сириядағы базаларын өз күш-қуатын Жерорта теңізінің шығыс жағына, сонымен бірге бүкіл Таяу Шығысқа да көрсетуге пайдаланды", – деді Смит.
Үнемі назарда ұстауды қажет ететін актив
2015 жылы Ресейдің Сириядағы жағдайға араласуы ол елде болып жатқан соғыс барысын өзгертті. Ресей күштерінің көтерілісшілерге әуеден жасаған жойқын шабуылдары Сирия үкіметінің әскеріне соның алдында айырылып қалған біраз жерді қайтарып алуға, ал Башар Асадқа – билік тізгінін уысынан шығармай сақтап қалуына көмектесті.
Мәскеу Сириядағы әскери науқаны Украинаның Қырым түбегін аннексиялап алғаннан кейін және Украинаның шығыс аймағында Кремльдің қолдауына сүйенген сепаратистік күштер қарулы жанжал шығарған соң бір жылдан кейін басталған.
Мәскеу Сирия мен Украинадағы жағдайларға араласуды АҚШ, НАТО және тұтастай Батысқа қарсы тұратын, сонымен бір мезетте Жерорта теңізінен бастап Африка мен Латын Америкасына дейін ғаламдық ықпалын кеңейте бастаған держава болып көрінуге пайдаланды.
Бақылаушылардың пікірінше, Ресей күштері 2022 жылы ақпанда Украинаға басып кіргеннен кейін Мәскеу үшін Сирия пайдасы көбірек активке айналды, бірақ Ресейге енді соғысты екі майданда қатар жүргізуге тура келді.
Асад үкіметі құлағаннан кейін Ресейдің Сириядағы әскери активтері одан сайын әлсірей түсті. Ресей Курск облысының Украина әскері жаулап алған бір бөлігін қайтарып алу үшін ірі қарымта шабуылға дайындыққа едәуір күш-қаражат жұмсады – тіпті Солтүстік Кореядан алдырған әскердің көмегіне жүгінбекші.
Бұған қоса Мәскеу болашақта бейбіт келіссөздер бастала қалса, оған дейін Украинаның шығысында неғұрлым көп жерді басып алуға тырысып жатыр. Бірақ сондай шақта Жерорта теңізінің Сирияның батысындағы жағалауында орналасқан ресейлік әскери базаларды "Хайат Тахрир әш-Шам" (АҚШ-та террористік ұйым деп танылған) жетекшілік ететін қарулы көтерілісшілер басып алу қаупі бар.
Вашингтон институтының аға ғылыми қызметкері Аарон Зелин Ресейдің Сириядағы активтерін қорғап қалуға күші жетпейді деп отыр.
"Ресей алғаш рет Сириядағы соғысқа кіріскен 2015 жылғымен салыстырғанда қазір Украинада ауқымы одан да үлкен соғысқа қатысып жатқанын ұмытпаған жөн, – деді Зелин. – Бұған қоса Ресейдің Африкада Сахараның оңтүстік жағындағы соғыс жүріп жатқан елдерде де активі бар. Ресейде [марқұм Евгений] Пригожин басқаратын Вагнер тобы болған он жыл бұрынғымен салыстырғанда... дәл сол кездегідей жасайтындай қазір Ресейдің ондай деңгейдегі күш-қуаты немесе мүмкіндігі жоқ".
Мысалы, Тартустағы әскери-теңіз базадан айырылу "Ресей үшін өте орасан зор шығын" деді Зелин.
"Бұл Ресейдің әскери-теңіз қызметіне пайдалана алатын әрі өз күш-қуатын көрсететін суы жылы теңіздегі жалғыз порт, – деді ол. – Одан айырылса, шын мәнінде, Ресей Таяу Шығыстың кіндігінен ажырап қалады".
Мәскеу құрлықтағы әскерін "Хайат Тахрир әш-Шам" мен оның одақтастарының күшіне төтеп бере алмай құлаған Дамаскіге жәрдемдесуге жіберген жоқ. Қарашаның аяғына қарай қарулы жасақ Асад армиясына қарсы тұтқиылдан шабуылға шыққанда Ресей күштері оншақты рет әуеден соққы берген. Бірақ Мәскеудің шектеулі әскери іс-қимылы көтерілісшілер шабуылын тоқтата алмады.
Сириядағы сәтсіздігі Ресейге тым қымбатқа түседі дейді сарапшылар. Асад режимінің құлауы "бұрынғысынша шетелде әскери және саяси ықпал жүргізе алатын әлемдік держава болып көрінгісі келетін Ресейдің ниетіне елеулі соққы боп тиді", деді герман халықаралық қатынастар және қауіпсіздік институтының ғылым қызметкері Хамидреза Азизи.
Оның пікірінше, бұдан кейін Латын Америкасы мен Африка тәрізді басқа аймақтағы ойыншылар "Ресейге тәуелділігі мен онымен байланысы жайлы ойлана бастауы мүмкін".