Сирия басшысы Башар Асад режимі құлады деген ақпарат тарағаннан соң, 8 желтоқсан таңертең Израиль әскері Израиль мен Сири арасында жатқан Голан жотасындағы буфер аймаққа кірді әрі "іргелес стратегиялық позицияларды" алды. Бұл туралы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдеді.
Нетаньяхудың айтуынша, Асад режимінің құлауы Израиль үшін "жаңа мүмкіндіктерге жол ашады", "сондай-ақ қауіп те төндіреді". Оның сөзінше, 1974 жылғы келісім бойынша буфер аймақ болған аумақ "Сирия әскері өз позициясын тастап кеткен соң бұл статусынан айырылды", Израиль шекараны қорғау үшін сол жерге өз әскерін кіргізді. Израиль әскері Сирияның Хермон тауы баурайын бақылауға алғаны туралы хабар тарады.
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац жексенбіде Израиль әскері Голан жотасындағы буфер аймаққа орналасқанын растады.
1967 жылғы соғыс кезінде басып алынған Голан жотасын Израиль өз аумағы деп санайды. Әлемнің көп елі ол жерді Сирия аумағы деп есептейді. Израиль әскері қазір Израиль ресми түрде өз аумағы деп жарияламаған аймақтарға кірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Оппозиция Дамаскіні басып алды. Башар Асад елден қашты. Сирияда не болып жатыр?Қазақстанның қорғаныс министрлігі 8 желтоқсан кешке елдің бітімгер күштері қызмет ететін БҰҰ-ның Голан жотасындағы аймағында жағдай шиеленісті, бірақ тұрақты деп бағаланып отыр деп хабарлады.
"Бітімгер күштердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қажетті шара қабылданып жатыр. Қазақстан қорғаныс министрлігі жағдайды бақылауда ұстап отыр. Миссияны эвакуациялау қажет болса, оны БҰҰ басшылығы миссия қолбасшылығының ұсынысы бойынша қарайды", – деп мәлімдеді қорғаныс министрлігі.
Дамаск пен ел аумағының басым бөлігін бақылауға алған сириялық оппозиция ішінде Израильмен қақтығысты жалғастырғысы келетінін айтқан күштер маңызды рөл атқарады. Олардың арасында АҚШ-та террористік деп танылған ең ірі "Хайят Тахрир аш-Шам" тобы бар. Кейінгі ақпаратқа қарағанда, Израиль ауыр әскери техника радикалдар қолына түсуіне жол бермеу үшін Сирия армиясының нысандарына әуеден бірқатар шабуыл жасаған. Reuters дереккөздерінің хабарлауынша, Израиль Сирияның әскери барлау және кеден департаментінің Дамаскідегі штаб-пәтеріне және ирандық мамандар зымыран қаруын жасау үшін жұмыс істеді деген зерттеу орталығына да соққы берген.
8 желтоқсан кешке ТАСС агенттігі мен тағы басқа ресейлік мемлекеттік ақпарат құралдары Кремльдегі дереккөзіне сүйеніп, Сирияда режимі құлаған президент Башар Асадты Ресей паналатты, қазір ол Мәскеуде деп хабарлады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейлік БАҚ Сириядан қашқан Башар Асад Мәскеуден пана тапты деп хабарлады