АҚШ-тың қайта сайланған президенті Дональд Трамп өткен аптада Парижде Украина және Франция басшыларымен кездесу кезінде атысты тоқтатып, Украинадағы соғысты аяқтау үшін келіссөз бастау қажеттігін айтты. Ал Владимир Зеленский Украина қауіпсіздігіне кепілдік беруді алға тартты.
Кездесудің жай-жапсары жөнінде дереккөздерге сүйенген Reuters жазды.
Reuters дереккөздерінің айтуынша, 35 минутқа созылған кездесу кезінде Франция президенті Эммануэль Макрон қатысушыларға "құрметпен қарап", "ашықтық танытып", "тыңдауға ыңғай білдірген". Алайда ол бейбітшілік туралы келіссөз туралы ойларын айтпаған.
Зеленский кездесу кезінде "Украинадағы соғысты тезірек бітіруге деген талпыныс соғыс Мәскеу қойған шарттардың орындалуымен аяқталуына апара ма" деген қорқынышы барын жеткізген. Украина президентінің кеңсесіндегі дереккөзге сүйенген Reuters-дің жазуынша, кездесу кезінде "бейбітшілік орнату үшін атысты тоқтату жеткіліксіз екені, Путин кез келген сәтте оны бұзуы мүмкін екені" айтылған. Бұған дейін Зеленский НАТО-ға Украинаны шақыру немесе Укринада одақтас елдердің әскерін орналастыруды ұсынған.
Дереккөздердің бірінің айтуынша, кездесу кезінде Макрон және Зеленскийдің ұстанымы бір болған, екеуі Трампты Мәскеуге қысым жасау қажеттігіне көндіруге тырысқан. Ресейдің бұрынғы одақтасы Башар Асад режимінің құлауы дәлел ретінде пайдаланылған.
Мақала авторының сөзінше, Трамп "әзірге жай-жапсарын ойланып жатыр". Paris Match басылымына берген сұхбатында АҚШ-тың қайта сайланған президенті Украинадағы соғысты аяқтауды басымдық беретін бағыт ретінде көретінін, бұл Таяу Шығыстағы жағдайды реттеуден гөрі әлдеқайда күрделі екенін айтқан.