Әкімшілік сот Талғарда кісі қолынан қаза болған Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымовты 15 күнге қамау туралы шешім шығарды. Нұрымов "бұзақылық жасады" деп айыпталған. Бұл туралы Шерзаттың қорғаушылары Instagram-да ашқан justice_for_sherzat парақшасы хабарлады. Ақпаратты Алматы облыстық сотының телеграм-парақшасы да растады.
"Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сонымен бірге қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысы үшін кедергілер жасағаны үшін азамат Қ. Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды" деп жазылған хабарламада.
Адвокаттар сот шешімін апелляцияға бермек.
Нұрымовтан бөлек, оның туысы Бақыт Реймова "жұртты митингіге шақырды" деп айыпталып, сот оны да 15 күнге қамауға шешім шығарған. Бұған қоса, басқа елдің азаматы болғаны үшін Қазақстаннан депортацияламақ.
Сот Нұрымовтың Салтанат Нұрымова есімді туысына "ұсақ бұзақылық" айыбы бойынша 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салған.
Адвокаттардың айтуынша, 11 желтоқсанда Қаржаубай Нұрымовтың тағы бір туысының соты өтпек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талғарда полиция Шерзат Полаттың әкесін ұстадыБір күн бұрын Алматы облысы Азат ауылында Нұрымовтар отбасы туысы Нұрғанат Ғайыпбаевты ақтық сапарға шығарып салған еді. Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған Қаржаубай Нұрымов көпшілік алдында журналистермен кездесуді талап еткен.
Желіге Қаржаубай Нұрымовтың әділ тергеу жүргізуді талап етіп тұрған видеосы тарады. Тағы бір видеода Нұрымовты "ағам" деп атаған әйел оның "өзіне өзі қол салмақшы" болғанын айтады. Ізінше полицияның Қаржаубай Нұрымовты ұстағаны белгілі болды.
Облыстық полиция "Н. есімді азамат прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өзін агрессивті ұстады, айналасындағы адамдарға қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты" деп жазған.
Ресми ақпаратта Қаржаубай Нұрымов полиция бөліміне жеткізіліп, онымен психологтар жұмыс істеп жатқаны айтылған. Бұдан екі ай бұрын Қаржаубай Нұрымовтың жасөспірім ұлы кісі қолынан мерт болған, ал 9 желтоқсанда ол інісінен айырылды.
Полицияның алдын ала мәліметіне қарағанда, "Нұрғанат Ғайыпбаев асылып, өзіне қол жұмсаған". Ал марқұм Шерзаттың отбасы Ғайыпбаевтың "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Талғарда өлтірілген жасөспірімнің үйі өртенді, полиция отбасын күзетуге көшті. Қазірге дейін не белгілі?