Your browser doesn’t support HTML5
"Адвокаттар полицияға Қаржаубай Нұрымовты ұстаңдар деп айтқан емес"
Қазір әкімшілік қамау жазасын өтеп жатқан Қаржаубай Нұрымовтың үстінен полиция қылмыстық іс қозғағаны 12 желтоқсанда белгілі болды. Құқық қорғаушы Саида Таукелеваның айтуынша, қылмыстық іс "Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру" деген 202-бап бойынша ашылған.
– [Інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың жаназасы болған күні] Қаржаубай арнайы жасақ (СОБР) көлігі жүріп кетпес үшін дөңгелегін жарып тастаған. Соған байланысты іс қозғап жатыр. Қазір шығынын есептесін, дөңгелегін ауыстырып берер. Іс бейбіт жолмен аяқталады деп ойлаймын, – деді Таукелева 12 желтоқсанда Азаттыққа.
"Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру" фактісі бойынша Қаржаубай Нұрымовтың үстінен қылмыстық іс қозғалғанын Алматы облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Ернар Сайгилдин растады. Ол Азаттыққа қазір іске байланысты арнайы мәлімдеме дайындалып жатқанын, алдағы уақытта жарияланатынын айтты.
Құқық қорғаушы Айтбек Амангелді бұған дейін полиция берген кей ақпаратты жоққа шығарды. Заңгердің сөзінше, отбасының адвокаттары Қаржаубай Нұрымовты ұстаңдар деп полицияға өтініш жасамаған.
"Адвокаттардың ешқайсы Қаржаубайды ұстау керек деп мәлімдеген жоқ" деді Айтбек Амангелді Instagram-дағы парақшасында.
Полиция 10 желтоқсанда Нұрымовты "туыстары мен адвокаттарының өтініші бойынша" ұстағанын айтқан еді.
Сол күні Алматы облысының полициясы Нұрымов "прокурордың заңды сақтау туралы түсіндірмесін елемей, өзін агрессивті ұстады, айналасына қауіп төндіріп, суицид жасаймын деп қорқытты. Полиция қызметкеріне пышақпен шабуыл жасады. Оның мінез-құлқы өзіне де, айналасына да қауіп төндірді" деген хабар таратқан.
Айтбек Амангелді бұған дейін желіде тарап кеткен Нұрымов пен марқұм інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың соңғы рет бір-біріне мессенджермен жазған хатын жариялауға отбасы тарапынан рұқсат берілмегенін айтты.
"Қаржаубайдың отбасы және адвокаттары оның Нұрғанатпен жазысқан хатын пабликтер мен ақпарат көздерінде жария қылуға келісті деген мәлімет шындыққа жанаспайды. Отбасынан, адвокаттарынан ешкім екеуара жазысқан хатты жария етуге рұқсат бермеді", – деді құқық қорғаушы.
Бұған дейін Нұрымовтар отбасының тағы бір адвокаты Асқар Қаймақов Facebook желісінде Қаржаубай Нұрымовтың ұсталуына қатысты жазба жариялаған. Онда адвокат "Қаржаубайды 15 күнге қамау туралы сот шешімі заңсыз" екенін, марқұм Нұрқанат Ғайыпбаевтың соңғы рет сөйлескен жазбаларын жариялауға туыстары рұқсат бермегенін, қорғау тарапы Қаржаубайды ұстауға полицияға өтініш жасамағанын жазды.
Алматы облысы полициясы Ғайыпбаев өлерінің алдында туысына өзіне қол жұмсайтыны туралы хат жібергені анықталды деп, хаттың скринін қоса жариялаған. Кейін хат скрині Нұрымовтың TikTok-парақшасында да шықты.
Түн жамылып өткен сот кесімі
10 желтоқсанда кешке желіде Қаржаубай Нұрымовтың жүк көлігінің үстіне шығып алып, құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне наразылығын білдіріп көпшілік алдында сөйлеп тұрған сәті түсірілген видео тараған.
Видеода Қаржаубай осыдан екі ай бұрын кісі қолынан мерт болған 16 жастағы ұлы Шерзат Полат пен 9 желтоқсанда белгісіз жағдайда қайтыс болған інісі Нұрғанат Ғайыпбаевтың өлімінің шындығына жеткісі келетінін айтып, Шерзаттың қазасы бойынша істі әділ тергеуді талап етіп сөйлеген.
Тағы бір видеода Қаржаубайды "ағам" деп атаған әйел оның "өзіне өзі қол салмақшы" болғанын айтады. Біраздан соң Нұрымовты полиция ұстап, алып кетті.
Сейсенбі күні кешке полиция таратқан ресми ақпаратта Қаржаубай Нұрымов полиция бөліміне жеткізіліп, онымен психологтар жұмыс істеп жатқаны айтылды. Кейінірек оған әкімшілік құқық бұзғаны туралы айып тағылғаны белгілі болды. Әкімшілік сот Нұрымовтың ісін сәрсенбі күні таңғы сағат 4-шамасында қарап, шешім шығарған.
"Қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, құқық қорғау органдарының қызметкерлерін қорлап, сонымен бірге қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзатын, айналасындағыларға құрметсіздік танытатын іс-әрекеттер жасағаны және көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіргені үшін азамат Қаржаубай Нұрымов 15 күнге әкімшілік қамауға алынды", – деп жазылған сот ақпаратында. Сот шешіміне келіспеген адвокаттар апелляцияға шағым беретінін айтты.
Нұрымовтың туысы Бақыт Реймова "жұртты заңсыз митингіге шақырып", бейбіт жиын өткізу тәртібі туралы заң ережесін бұзғаны үшін 15 күнге әкімшілік қамауға алынды. Жазасын өтеп шыққаннан кейін оны Қазақстаннан депортацияламақ. Қаржаубайдың Айғазы есімді тағы бір туысын да сот 15 күнге қамады.
Ал Салтанат Нұрымоваға "ұсақ бұзақылық жасағаны" үшін 20 АЕК (73 840 теңге) айыппұл салды.
Қаржаубай Нұрымов әкімшілік қамауға алынар алдында марқұм інісі Нұрғанат Ғайыпбаевты жерлеген еді. Туыстары Нұрғанат Ғайыпбаевты Алматы облысы Азат ауылындағы үйінен ақтық сапарға шығарып салған. Алдымен ұлынан, енді інісінен айырылған Қаржаубай Нұрымов көпшілік алдында журналистермен кездесуді талап еткен.
Полиция алдын ала сот-медицина сараптамасы "Нұрғанат Ғайыпбаев суицидтен қайтыс болған" деген қорытынды шығарғанын хабарлады. Ал марқұмның отбасы Нұрғанаттың "өзіне өзі қол салғанына" сенбейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Шерзаттың отбасы: Нұрғанаттың өлемін деген ниеті болмаған"Суицид екені анықталды"
Ішкі істер министрлігі Шерзат Полаттың өліміне қатысты тергеу амалдары жылдың соңына дейін аяқталады деп мәлімдеді.
"Жыл аяғын дейін барлық сараптама нәтижесіне қол жеткізіп, барлық тергеу амалдарын аяқтаймыз. Қылмыстық іс бойынша 11 адам қамауда отыр. Оларға прокурормен келіскеннен кейін айыптар тағылады. Одан кейін қылмыстық іс материалдары тараптарға танысуға беріледі" деген ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзінен Orda сайты үзінді келтірген.
Ішкі істер вице-министрі бұған қоса марқұм Нұрғанат Ғайыпбаевтың өліміне қатысты тергеудің барысын да айтқан.
"Суицид бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сот-медицина сараптамасының нәтижесі қоғамға жеткізілді. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Қазір тергеу жүріп жатыр. Заң бойынша, бұған екі ай берілген, қажет болса мерзім созылуы мүмкін", – деген Санжар Әділов.
Сараптама құжатында марқұмның "денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ", мойнында адам асылып өлгенде қалатын із бар, ал "құлағының арты мен желке тұсындағы жараға ұқсас іздер марқұм асылған зат қажағаннан пайда болуы мүмкін" деп жазылған.
Бұған дейін Қаржаубай Нұрымов желідегі парақшасына Ғайыпбаевтың денесінде қалған көгерген іздер көрінетін фото жариялаған еді. Алматы облысының полициясы да сейсенбіде телеграм-арнасында сол фотоны жариялады, тек суретті бұлдыратып қойғандықтан, іздер анық көрінбейді.
"Жығылғанға жұдырық"
Жасөспірім ұлдан айрылып әлі ес жия алмай отырғанда екінші адамы қазаға ұшыраған Нұрымовтар әулетінің басында болып жатқан жағдай жұрттың назарына ілінді.
Астанада 11 желтоқсанда Мәңгілік Ел және Қонаев көшелерінің қиылысына "Шерзат үшін" деген жазуы бар плакат ұстап шыққан адамды полиция алып кеткен деп жазды Ulys Media.
Әлеуметтік желіде әртүрлі пікір айтылып жатыр: кейбірі "жығылғанға жұдырық болды" деп полицияны сөксе, енді бірі құқық қорғау органдарының іс-әрекеті орынды десті.
"Жаңа һәм Әділетті Қазақстан" қазір сынақ үстінде", – деп жазды Ұларбек Дәлейұлы. Жазушы "бұл оқиға – бір әулеттің ғана емес, ұлттың, мемлекеттің трагедиясы" деп санайды.
Журналист Бэлла Орынбет Талғардағы жағдайдың ауыр трагедияға ұласып, ушығуына билік органдарын айыптады. "Әділетті орната алмаса, адамдар қауіпсіздігіне кепіл бола алмаса, заң мен институттарды жұмыс істете алмаса, ондай биліктен не пайда?" деген риторикалық сұрақ қойды ол.
Ырысбек Дәбей "әділетсіздікті көріп отырып, үнсіз қалған" қоғамның да кінәсі барын айтқан.
"Әділетсіздікті, өктемдікті өткен заманнан іздегеннен оңай не бар. Соған аһ ұрып, соны айтып өмір өтіп жатыр. "Сайдағы арқардың тұяғына тас батса, қырдағы арқардың мүйізі сырқырайды" демеуші ме еді, қоңыр аң ғұрлы болмадық", – деп жазды ақын.
"Әлемде Адам құқығы күні өтіп жатқанда, Қазақстанда жәбірленуші отбасы мүшелері шетінен сотталды" деген журналист Асан Анарбайұлы.
Желідегі жұрттың көбі Талғардағы жағдайды президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тіке қадағалауы керек деп санайды. Олар бұл істі Ішкі істер министрлігі, Бас прокуратураның бақылауына алғанына күмәнмен қарайды. Солардың бірі Серғали Балажан: "Шерзат өлгенде ішкі істер министрі мен бас прокурор қатаң бақылауға алдық деп ресми мәлімдеген еді. Қатаң бақылаудағы жағдай осындай болса... білмеймін" депті.
Ал Ілияс Мыңжасаров "сотты күтейік, оған дейін қорытынды жасауға асықпайық" деп жұртты сабырға шақырған. Ол кешегі оқиғада жұмыс істеген полиция әрекетін де дұрыс түсінейік дейді. "Полиция оны (Шерзаттың әкесі Қаржаубайды) агрессив мінез-құлқына байланысты ұстады. Бұл істің төңірегінде шу жеткілікті, сондықтан полиция Қаржаубай Нұрымовты жағдай ушықпас үшін оқшаулаған болуы керек. Өйткені ол қазір іс-әрекетіне толық жауап бере алмайтын күйде" деп жазды блогер Мыңжасаров.
"Нұрғанат та, Қаржаубай да, былай қарасаң, өз тіршілігін өзі жасап, қоңырқай күн кешіп жүрген қоңыр адамдар еді. Әулеті бар болатын, отбасы бар еді, өз үйі, шылқыған байдың қатарына қоспаса да ешкімге алақан жайғызбаған кәсібі бар еді. Соның барлығы әп-сәтте айран-топыр болды. Мемлекетті ұстап тұрған осындай адамдар. Ал мұндай жандардың көңілін, сенімін өртеп жіберудің арты жақсылыққа апармайды" деп жазды журналист Қарагөз Сімәділ.
- Биыл 4 қазанға қараған түні Алматы облысы Талғар ауданында бір топ адам қатысқан жанжал кезінде 16 жастағы Шерзат Полат пышаққа түсіп мерт болған еді. Осы оқиғадан кейін арада бір апта өткенде қара жамылған отбасының үйі өртеніп, полиция ауданда күзетті күшейткен.
- Ішкі істер министрі Ержан Сәденов бұған дейін Шерзат Полаттың қазасы бойынша іс "Адам өлтіру", "Бұзақылық", "Қорқыту", "Қылмысты жасырып қалу" және "Қылмыс туралы хабарламау" баптары бойынша тергеліп жатыр деп хабарлаған. "Қасақана кісі өлтіруге қатысты" деген күдікпен сегіз адам, "Қылмыс туралы хабарламау" бабы бойынша үш адам сот санкциясымен қамауға алынған.
- Әлеуметтік желіде "Талғардағы қылмысқа жүгенсіз кеткен "Хутор" бандасының қатысы бар" деген ақпарат тарады. Алайда полиция мұндай топ барын жоққа шығарды. Хасан Қасымбаев әлеуметтік желіде өзі жайлы тараған әлгі ақпаратты жоққа шығарып, жұрттан өзі туралы жалған хабар таратпауды сұрап мәлімдеме жасаған. Қарашада Қасымбаев 2021 жылы маусым айындағы оқиғаға байланысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру" және "Адам ұрлау" баптары бойынша күдікке ілініп, тергеу сотының шешімімен екі айға қамауға алынды.
- Қоғамда резонанс туғызған Шерзат Полаттың өлімінен кейін Алматы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, Талғар аудандық полиция басқармасының бастығы, департаментке қарасты экстремизммен күрес басқармасының бастығы, криминалды полиция басқармасының және ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жетекшілері, тағы бірнеше лауазымды адамдар қызметтен босатылды.